Мемлекет сөз бостандығын шектемейді, керісінше оны қорғайды – Аида Балаева
Мәдениет және ақпарат министрі сайлау кезеңінде БАҚ пен блогерлерді заң талаптарын қатаң сақтауға шақырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сайлауалды науқан кезінде журналистердің, белсенділер мен блогерлердің қызметіне қатысты түрлі сауалдар туындап отырғанын атап өтті. Осыған байланысты бірқатар мәселеге арнайы тоқталып, түсініктеме беруді жөн көргенін айтты.
— Ең алдымен, журналистер мен блогерлердің заң шеңберінде өз қызметін еркін жүзеге асыруға, соның ішінде фото және бейнетүсірілім жүргізуге құқығы бар екенін атап өткім келеді. Қазақстан Республикасының «Масс-медиа туралы» Заңына сәйкес журналистер кәсіби қызметі барысында фотоға, аудиоға және бейнеге түсіруге, сондай-ақ ақпарат таратуға құқылы, - деді министр.
Аида Балаева журналистер де, блогерлер де адамның келісімінсіз үш жағдайда түсірілім жүргізе алайтынын нақтылап өтті. Олар:
- егер адам ойын-сауық, мәдени-бұқаралық, мәдениет саласындағы әлеуметтік маңызы бар іс-шараларға, спорттық-бұқаралық іс-шараларға, бейбіт жиналыстарға немесе өзге де көпшілік іс-шараларға қатысса не сол жерде болса;
- егер таратылатын ақпараттағы адамның бейнесі оның қызметтік және (немесе) қоғамдық қызметіне қатысты болса, сондай-ақ ол өз бейнесін ашық қолжетімді дереккөзде өзі жариялаған жағдайда;
- егер адамның бейнесін пайдалану қоғамдық тәртіпті қорғау мақсатында қажет болса.
Министр бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарының, белсенділер мен блогерлердің әлеуметтік желідегі парақшалары жаппай бұғатталып жатқаны туралы ақпаратқа да жеке тоқталып өтті.
— Журналистер мен блогерлердің кәсіби қызметіне немесе сөз бостандығына негізсіз шектеу қойылды деген пікір туғызатын кез келген әрекет тек жекелеген журналистер мен блогерлерге ғана емес, мемлекеттік органдардың беделіне де нұқсан келтіреді. Бұл мәселе сайлау науқаны кезінде айрықша маңызды. Мәдениет және ақпарат министрлігі әлеуметтік желі қолданушыларының, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистердің аккаунттарын бұғаттамайды. Сондай-ақ бұл Министрліктің сөз бостандығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмысына кедергі келтіреді. Өкінішке қарай, соңғы уақытта осы тұрғыда алаңдататын жайттар байқалып отыр. Сондықтан масс-медиа саласындағы уәкілетті орган ретінде біз, ең алдымен, сөз бостандығына кепілдік беретін заңды құқықтардың жүзеге асуына қолдау көрсетеміз , — деді ол.
Мәдениет және ақпарат министрі мемлекет кепілдік берген құқықтар мен бостандықтармен қатар, әр азаматтың өз әрекетіне жауапкершілігі болатынын жеткізді. Бұл – Әділетті Қазақстанның негізгі қағидаттарының бірі. Заң алдында лауазымына, мәртебесіне, кәсібіне, қоғамдағы танымалдығына немесе әлеуметтік желідегі жазылушыларының санына қарамастан бәрі тең.
— Осы ұстаным «Заң мен тәртіп» қағидатының мазмұнын айқындайды. Мемлекет сөз бостандығын, журналистер мен блогерлердің заңды қызметін қамтамасыз етуге және қорғауға міндетті. Ал сөз бостандығы таратылатын ақпарат үшін жауапкершілікті де талап етеді. Бір адамның құқығы екінші адамның құқығын бұзу есебінен жүзеге аспауға тиіс. Қоғамдағы мәртебе де ешкімге заң талаптарын елемеуге артықшылық бермейді. Бүгінде «Адал азамат» құндылықтарының маңызы артып келеді. Бұл өз құқығын ғана емес, қоғам мен мемлекет алдындағы міндетін де түсінетін, заңды құрметтейтін, жауапкершілігі жоғары әрі жасампаз азаматтың бейнесі. Жаңа саяси кезең бізден осындай азаматтық жауапкершілік пен кемелдікті талап етеді, – деді министр.
Сөз соңында Аида Балаева журналистер мен блогерлер үшін аса маңызды тағы бір қағидатты еске салды. Ол – таратылатын ақпараттың анықтығын міндетті түрде тексеру. Осыған байланысты әлеуметтік желілер мен онлайн-платформалардың әкімшіліктерін заңға қайшы контентті дер кезінде анықтап, жою жөніндегі жұмысты күшейтуге шақырды.