Мемлекетке опасыздық: Алаяқтар ҰҚК атынан Екібастұз мұғалімдерін қорқытқан
Ведомство бұл хаттың жалған екенін мәлімдеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екібастұздағы №10 орта мектеп Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасынан хабарлама алған-мыс. Құжатта бөлімнің нышандары мен мөрі болған.
Хатта комитеттің мектепте жоспардан тыс тексеру жүргізіп жатқаны айтылған. Бұған мекеменің мұрағатындағы ақпараттың жариялануы себеп болған. Сонымен қатар, хабарламада оқу орнының қызметкерлеріне шетелдік барлау қызметтерінің ықпал еткені жазылған.
– Анықталған заң бұзушылықтар және шетелдік барлау қызметтерінің одан әрі ықпалы негізінде қылмыстық іс қозғалды «....» осы құқық бұзушылықтарға қатысы бар немесе болуы мүмкін лауазымды тұлғаларға қатысты жабық тергеу жүргізілуде, – делінген хатта.
Авторлар мұғалімдерді Қылмыстық кодекстің 175-бабы – «Мемлекетке опасыздық» бойынша жазалауы мүмкін деп қорқытқан.
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті алаяқтардың қазақстандықтарға құқық қорғау органдары басшыларының атынан хабарламалар жиі жібере бастағанын хабарлады. Алаяқтар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің нышандары – қызметтік куәліктері, хаттар мен бұйрықтардың бланкілері бар құжаттарды жасайды. Қазақстандықтарға несие берілгенін, олардың деректерін қылмыскерлер пайдаланып жатқанын хабарлап, қылмыстық қудалаумен қорқытуда.
– ҰҚК қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін орындау кезінде қандай да бір қаржылық операцияларды ұсынуға құқығы жоқ. Егер сіз немесе сіз танитын адам осыған ұқсас жағдайға тап болсаңыз, дереу сөйлесуді немесе хат алмасуды тоқтатып, 102 телефоны арқылы полицияға хабарласуыңыз керек, – деп хабарлады департамент.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті жалған хаттардың бірнеше үлгісін көрсетті. Пошталар астаналық және шымкенттік компаниялардан келген. Алаяқтар Павлодар қаласының тұрғынына банктік шоттармен алаяқтық жасады деген күдікке ілінгенін және оның әрекеті қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескерткен.