«Екібастұзжылуэнерго» төлеген айыппұл тұрғындарға келген залалдан әлдақайда аз
«Екібастұзжылуэнерго» мекемесі жылу маусымын қажетті деңгейде өткермегені үшін төлеген айыппұл көлемі тұрғындарға келген залалдан әлдақайда аз.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Үкімет отырысында осындай мәлімет келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«27 қарашада Екібастұз қаласының жылу желілерінде көптеген зақымдар болды. Температура кестесі 94 рет орындалмаған. «Екібастұзжылуэнерго» мекемесіне қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, әкімшілік жаза қолданылды. Бұл ретте қолданыстағы айыппұл шаралары халыққа келтірілген залалмен салыстырғанда өте аз екендігін атап өту қажет», - деді ведомство басшысы.
Бұған дейін Екібастұзда жылыту маусымынан кейін жылу желілері сынақтан өткізілетіні хабарланған болатын.
Еске салайық, былтыр 27 қарашада Екібастұз ЖЭО-сындағы төрт қазандық істен шығып, қала жылусыз қалған еді.
Айта кетсек, Екібастұз ЖЭО-сына 2 760 000 теңге, сондай-ақ 5,5 млн теңге айыппұл салынғаны хабарланды.
Ал, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, «Екібастұзжылуэнерго» серіктестігіне 27,6 млн теңге айыппұл салынды.