Екібастұзда қаңғыбас иттердің иесіне айыппұл салынды
Тәртіп сақшылары үнемі аулаларды аралап, азаматтарға төрт аяқты үй жануарларын ұстау ережелерін түсіндіреді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Екібастұз қаласының тұрғыны биылғы жылғы 9 сәуірде «102» арнасына телефон шалып, Пішембаев көшесі, 27 мекенжайындағы үйдің ауласында қаңғыбас иттер жүргені жайлы хабарлаған.
– Осы аулаға келген полиция қызметкерлері үй иесін анықтап, оның үстінен ҚР ҚК 407-2 бабы – үй жануарларын ұстау және серуендету ережелерін бұзу бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Иттің иесі айыппұл төлейді, – дейді департаментте.
Полицейлердің мәліметінше, 2023 жылдың биылғы кезеңінде облыста осы бап бойынша 294 адам жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ тәртіп сақшылары балалар алаңында, мектепке дейінгі және мектеп алаңдарында, стадиондарда және басқа да қоғамдық орындарда иттерді серуендетуге тыйым салынғанын ескертеді.
Бұл ретте серуенге шыққан итке міндетті түрде тұмылдырық кигізіп, қарғыбауы болуы керек. Ал адамдар көп жиналатын жерлерде итті қысқа баумен ұстау қажет.