Миға қан құйылды: нейрохирургтар баянауылдықтың өмірін сақтап қалды

Науқастың жағдайы өте ауыр болғандықтан, ол санитарлық авиациямен Павлодардағы Кардиоорталыққа шұғыл жеткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Баянауыл ауылының тұрғыны 2 сәуір күні таңертең шыдатпайтын бас ауруымен оянып, көп ұзамай құсып, есінен танып қалған. Туыстары дереу жедел жәрдем шақырған.
– Науқастың жағдайы өте ауыр болғандықтан, оны санитарлық авиациямен Кардиоорталыққа жеткіздік. Компьютерлік томография нәтижесінде миға қан құйылғаны және аневризманың жарылғаны анықталды. Уақыт әр минутпен есептелді. Нейрохирургтар ангиография жасап, аневризманы арнайы микрошиыршықтармен жапты. Ота сәтті өтті, – деп мәлімдеді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалы.
Науқастың жағдайы ауыр күйінде қалып, ол тоғыз күн бойы реанимация бөлімінде қарқынды ем қабылдады. Кейін жағдайы тұрақтанып, неврология бөліміне ауыстырылды. 21 сәуір күні жақсарып, үйіне шығарылды.
Қазіргі уақытта толық сауығу үшін ұзақмерзімді реабилитация қажет. Науқасты амбулаторлық емдеу, оңалту шаралары және нейрохирургтардың тұрақты бақылауы күтіп тұр.
Айта кету керек, жоғары технологиялық отаны қоса алғанда, барлық медициналық көмек тегін көрсетілді. Себебі пациент МӘМС жүйесінде сақтандырылған.