Мопед жүргізушілеріне жаңа талаптар: Павлодарда полиция ашық есік күнін өткізді

Мопед жүргізушілеріне жаңа талаптар: Павлодарда полиция ашық есік күнін өткізді
Фото: pexels.com / Harvey Tan Villarino

5 сәуірден бастап мопедтер механикалық көлік құралдарына теңестірілетін ҚР заңнамасына енгізілген түзетулер күшіне енеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, осы күннен бастап мопедтерді тек полицияда тіркеп, техникалық байқаудан өткізіп, АҚЖ сақтандыру полисін рәсімдеп, A1 санатындағы жүргізуші куәлігі болған жағдайда ғана басқаруға болады.

– Тіркелу үшін тұрғылықты жері бойынша арнайы ХҚКО-ға жеке басын куәландыратын құжаттармен жүгіну, сондай-ақ техникалық құжатты немесе көлік сипаттамалары туралы мәліметтерді ұсыну қажет. Содан кейін өтініш толтырып, мемлекеттік бажды төлеу керек, – деп түсіндірді облыстық ПД процессинг орталығының мемлекеттік автоинспекторы Дәурен Аятов.

Енді жүргізуші куәлігі барлық мопед жүргізушілері үшін міндетті. Жалғыз ерекшелік – егер В санаты болса, қосымша құжаттар талап етілмейді.

Сонымен қатар, осы күннен бастап мопед жүргізушілері көлік жүргізушілерімен теңестіріліп, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес жауапкершілікке тартылады. Жолға шыққан кезде олар жол қозғалысының басқа қатысушылары сияқты барлық белгіленген талаптарды орындауға міндетті болады.

Айта кетейік, акция басталғаннан бері облыс аумағында 180-ге жуық мопед тіркелген.

Полицейлер мопед иелерін көліктерін уақытылы тіркеуге, қажетті құжаттарды алуға және оқудан өтуге алдын ала қамқорлық жасауға шақырады. Әйтпесе, 5 сәуірден бастап тиісті құжаттарсыз мопед басқару құқық бұзушылық болып саналып, айыппұл салынуы мүмкін.