Мойылды ауылында байланыс діңгегі орнатылды

Мойылды ауылында байланыс діңгегі орнатылды

Жуық арада операторлар діңгекке өз құрылғыларын орнатады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Павлодар қаласының әкімі Ержан Иманзайыповтың Мойылды ауылының тұрғындарымен кездесуі барысында айтылды.

- Мойылды ауылының тұрғындарымен кездесу өткізіп, одан кейін азаматтарды жеке қабылдадым. Бүгінде ауыл сумен, жолмен, жарықтандырумен толық қамтамасыз етілген, қажетті барлық әлеуметтік нысандар бар. Мемлекет басшысының бастамасымен бекітілген тұжырымдама аясында «Ауыл аманаты» жобасы бойынша жеңілдетілген несиелер берілуде. Мойылдыдан мал шаруашылығы мен кірпіш өндірісін дамытуға үш адам несие алып үлгерді, - деп жазды шаһар басшысы.

Сонымен қатар, кездесуде тұрғындар көтерген сұрақтардың бір бөлігі жер мәселесіне қатысты болды. Ауылда жер кезегінде 1500-ге жуық адам тұр. Қазіргі уақытта 870 жер телімі дайындалып, жарық тартылуда. Екінші кезеңде ауызсу тарту жұмыстары жүргізіледі.

- Бұған дейінгі кездесуде тұрғындар көтерген ұялы байланыстың сапасына қатысты мәселе де оң шешімін тапты. Бүгінде байланыс діңгегі орнатылып, жақын күндері операторлар діңгекке өз құрылғыларын орнатып, сапаны жақсартатын болады, - деп түйіндеді Ержан Иманзайыпов.

Сондай-ақ азаматтарды жеке қабылдауда айтылған әлеуметтік сұрақтарға қатысты тиісті тұлғаларға тапсырма берілді.