Мойылды ауылындағы жолдардың 95% асфальтталған
Келер жылы Парковая көшесіне асфальт төсеу жоспарлануда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков өзінің Instagram парақшасында жазды.
- Бүгін Мойылды тұрғындарымен кездесуде есепті кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары айтылды. Түйткілді мәселелерді талқылап, алдағы жылға ауылды абаттандыру жоспарларын қарастырдық. Қазіргі таңда Мойылды сумен және көшелерді жарықтандырумен, 1-ші кіреберістен басқасы 100% қамтамасыз етілген. Оны жарықтандыру үшін келесі жылға қаржы бөлінді. Жаңа жеке тұрғын үй құрылысы шағын ауданын электрмен қамту желілерінің құрылысы басталды, - деді қала әкімі.
Ал ауылдық жолдарға келсек, оның 95 пайыздан астамына асфальт төселген. 2024 жылға арналған жоспарда Парковая көшесіне асфальт төсеу және 2,3 шақырым жолды ағымдағы жөндеу жұмыстары бар.
Хасар Хабылбеков барлық көрсеткіштер бойынша Мойылдыда оң даму динамикасы байқалатынын атап өтті.