Мәдени майдан: Павлодарда Өзбекәлі Жәнібеков жайлы кітап таныстырылды
Торайғыров университетінде жазушы әрі шығыстанушы Санжар Керімбаймен кездесу өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ЖОО баспасөз қызметінің мәліметінше, қаламгер көпшіліктің назарына «Өзбекәлі Жәнібеков және мәдени майдан» кітабын таныстырды.
Бұл кітап қазақ мәдениетінің бай тарихын мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің өмірі арқылы көрсетіп, оқырмандарға оның қоғамдағы рөлі мен маңызын түсінуге көмектеседі.
– Өзбекәлі Жәнібеков – қазақ халқының ұлттық мәдениетін, ана тілін, салт-дәстүрлерін насихаттау және дамыту жолында үлкен еңбек атқарған адам. Ол ұлы қайраткерлер Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев және Шәкәрім Құдайбердиевті ұлықтап, олардың есімдерін жаңғыртуға белсенді қатысты, – деп атап өтті кітап авторы.
ЖОО ректоры Еркін Садықов ToU қашан да ұлы жерлестеріміздің есімдері мен олардың еңбектерін мәңгі есте сақтау бастамаларын қолдайтынын атап өтті.
– Бұл өз елінің тарихы мен мәдениетін білуге және құрметтеуге тиісті жаңа ұрпағымыз үшін қажет. Санжар Керімбай үлкен зерттеу жұмыстарын жүргізіп, сапалы басылым шығарды, – деді Еркін Садықов.
Сондай-ақ ол бұл еңбектердің оқу орындарындағы кітапхана сөрелерінде және жеке кітап жинақтарында өз орнын табатынына сенімді екенін жеткізді.