Мәжіліс депутаты павлодарлықтарға ТЖ қатысты нұсқаулар берді
Ертіс жайылмасындағы елді мекендерді су басу қаупі туындауы мүмкін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Вера Ким өзінің ресми «Facebook» парақшасында мәлімдегендей, еліміздің 10 өңірінде жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі, оның ішінде Павлодар облысында да жарияланған болатын.
– 8 сәуірде Павлодар облысында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы ТЖ режимі алынып тасталды, бірақ ТЖ Департаменті еркінсімеуге кеңес береді, өйткені су тасқынының бірінші кезеңі ғана аяқталды. Ертіс өзені бойынша Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының су қоймаларынан екінші су жіберу басталды. Ағымдағы жылы Шүлбі су қоймасына судың көп түсуіне байланысты 12 күн бойы 3500 текше километр көлемінде су жіберіледі. Тиісінше, жайылмадағы елді мекендерді су басу қаупі туындауы мүмкін, – деді депутат.
Осы кезеңде ТЖ болдырмау мақсатында уәкілетті органдар мынадай іс шараларды жүргізуі қажет:
- Жайылма бойында орналасқан барлық елді мекендерді зерттеу;
- Қолданыстағы қорғаныс жағалауларын, бөгеттерді нығайту;
- Халық арасында кең ауқымды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу (су деңгейін көтеру кезіндегі іс-қимыл алгоритмі), тұрғындарға қалалар мен аудандардың жедел штабтарының жұмысы, телефон нөмірі және мекенжайы туралы ақпаратты жеткізу;
- Ертістегі су деңгейін бақылау үшін гидрологиялық бекеттер қою;
- Халықты хабардар етудің барлық жүйелерінің дайындығын тексеру;
- Эвакуация орындарын анықтау;
- Барлық мамандандырылған және ауыр техниканы, соның ішінде суды соруға арналған мотопомпаларды, жанар-жағармай материалдарының қорларын және тағы басқаларын дайындау.
Кеңжекөл ауылында адамдарды эвакуациялау қажет болған жағдайда Мәдениет үйінде 250 орындық жылыту пункті дайындалды. Ауыл шаруашылығы жануарларын эвакуациялау жағдайында оларды шаруа қожалығы базасында ірі жемшөп қорымен уақытша ұстауға арналған орын белгіленді.
Естеріңізге сала кетейік, мәжіліс депутаты тексеріспен облыстың екі ауылын аралап шыққан болатын.