Павлодарда Азия ойындарының жүлдегерлері 1 млн теңге сыйақы алды
Асайын Байханов XIX Азия ойындарының қола жүлдегерлері Александра Залюбовская, Рината Султанова және Виктория Бутолинаны құттықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
- Облыстың 19 спортшысы 10 спорт түрінен ел құрамасына кіріп, Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен XIX Азия ойындарына қатысқаны қуантады. Аянбай төккен тердің арқасында жоғары нәтижеге қол жеткіздіңіздер. Бұған елеулі үлес қосқан жаттықтырушыларға алғыс айтамын. Париждегі жазғы Олимпиада ойындарында да лайықты өнер көрсететінімізге сенімдімін, - деп атап өтті аймақ басшысы.
Өңірде кәсіби спортпен қатар бұқаралық спорт дамуда.
— Облыстық спорт бюджеті үш жылда екі есеге өсіп, 19,3 млрд теңгені құрады. Биыл 14 дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін және әртүрлі форматтағы 300-ден астам жаңа спорт алаңдарын салудамыз, - деді облыс әкімі.
Кездесу соңында Асайын Байханов спортшыларға жаңа табыстар тілеп, 1 млн теңгеге ақшалай сертификаттар табыс етті. Сондай-ақ, жаттықтырушылар 500 мың теңгеге сертификат алды. Өз кезегінде спортшылар жылы лебізі мен қолдауы үшін алғыстарын білдірді.