Облыс әкімі Тереңкөл ауданындағы проблемалық су құбырын іске қосуды тапсырды
Облыс әкімі Асайын Байханов тұрғындармен өтіп жатқан кездесу барысында Тереңкөл ауданының әкіміне Қызылтаң ауылындағы ауызсу мәселесін шешуді тапсырды, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
– Екі айдың ішінде барлық ескертулер жойылып, су құбыры қолданысқа енгізілсін. Өткен жылы қаражат бөлініп, толық көлемде игерілді. Барлық құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды, алайда осы уақытқа дейін су құбыры жұмыс істемейді. Бұл мәселе кеше талқыланды, қажет болған жағдайда облыстық энергетика және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармаларын тарту қажет, – дейді Асайын Байханов.
Облыс әкімінің айтуынша, ауданда барлығы 30 елді мекен бар, оның 15-і орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген, 10 ауылда кешенді блок модульдер орнатылған. Бүгінгі таңда ауыз суға қол жеткізе алмай отырған ауылдардың саны – 5, оның ішінде үш ауыл тұрғындар санының аз болуына байланысты оңтайландыруға жатады.
– Биылғы жылы Осмерыжск ауылында су құбырын салу, Тереңкөл ауылында сорғы станциясы мен Ивановка ауылында су құбырын қайта жаңарту жоспарлануда. Бұл су құбырлары 50 жылдан астам уақыт бұрын пайдалануға берілген. Биыл Песчаное ауылында 60-жылдардың соңында пайдалануға берілген су тазарту құрылыстары мен су құбыры желілерін ауқымды жаңғырту басталды. Осы жобаға биыл 1,5 млрд теңге бөлінді, – деді аймақ басшысы.
Жалпы аталған жобаларды іске асыру 400-ге жуық адамды таза ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде таза ауызсумен қамтамасыз етілген қалған елді мекендерді қоса алғанда ауызсумен қамту көрсеткіші 97,8% құрайды.