Железин ауданының ауылында жылу мәселесі шешілді
Бір жыл бұрын білім ошағы жылусыз қалған болатын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
2024 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша Прииртышск ауылында бірқатар өзгерістер орын алды. Бұл туралы Железин ауданының әкімі Айтуған Шайхимов мәлім етті. Оның сөзінше, бұл ауылда былтыр өзекті болған жылу жетіспеушілігі мәселесі толығымен шешілді.
– Прииртышск ауылының барлық көшелері жөнделді. Мәдениет үйі, мектеп күрделі жөндеуден өтті. Былтыр жылыту маусымында қазандықта ақаулар болғандықтан, қыс уақытында көп шағым түсті. Мектеп, дәрігерлік амбулатория салқын болды. Осыны ескеріп, облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, жаңа қазандық салдық. Мектептің талаптарына сай жылу беріліп жатыр. Екі қабатты үш үйге де толық жылу беріліп тұр, – деді Айтуған Шайхимов.
Ал 2025 жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасына Ақтау ауылы кіреді. Ескі мектептің күрделі, ал ауылішілік үш жолдың орта жөндеуі жүргізілмек. Жолдарға асфальт төсеу үшін 189 миллион теңге көзделген.
– Аудан орталығымыз абаттандыру жағынан өте жақсы болып тұр. Көшелердің 85 пайызында асфальт төселген. Жарықтандыру мәселесі де күрделі емес. Сондықтан барлық күшті ауылдарға жұмсап отырмыз. Шағын ауылдарда ішкі асфальт төсеу және ұялы байланыс мәселелері бар. Алайда интернет мүлдем жоқ деп айта алмаймын, бірақ сапасы нашар, – деді Айтуған Шайхимов.
Ол Крупский және Захаровка ауылдарында осы мәселе күрделі болып отырғанын атап өтті. Аудан әкімдігі аталмыш мәселелер бойынша жұмыс істеп жатыр.
Еске сала кетейік, былтыр қараша айында Прииртышск ауылындағы білім ошағы жылусыз қалған еді. Бұған жылу желілері режимінің стандартқа сәйкес келмеуі себеп болды.