Облыстық филармония сахнасында Павлодар маршы шырқалды
Шығарманы музыкалық колледждің оқытушысы Мұхит Мұлқаразов «Менің жан сезімім» атты авторлық концертінде көпшілікке ұсынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Осы күні тағы бір маңызды оқиға болды – педагог Қазақстан Композиторлар одағының қатарына қабылданды. Одақ төрағасы Серікжан Әбдінұров шығармашыл жандарға бай Ертіс өңірінде аталмыш қоғамдық ұйымның филиалын ашуды ұсынды.
– Музыкалық колледж, облыстық филармония, өнер мектебі, осы өңірдегі барлық музыкалық қайраткерлер оның құрылуына атсалыса алады, өйткені оған бәрі мүдделі, – деді Серікжан Әбдінұров. – Бұл концерт – Мұхит Мұлқаразов үшін халық пен қоғам алдында өзіндік шығармашылық есеп. Сондықтан менің ойымша, оның өзі үшін де, ең алдымен Павлодар өңірінің мәдениеті үшін де тарихи күн, өте маңызды сәт.


Музыкалық колледждің кларнет және саксофон класы бойынша оқытушысы көрермендерге өзінің 18 шығармасын ұсынды.
– Аспаптық музыка мен әндерді 1982 жылдан бастап жазып келемін. Биыл шығармашылық кеш өткізуге бел будым, – дейді композитор. – 30 аспаптық композиция, 40-қа жуық әнім бар. Бірақ концертке бәрін сыйдыру мүмкін емес, сондықтан ішекті, үрмелі және соқпалы аспаптар үшін ең қызықты нөмірлерді таңдадық.

Осындай шығармалардың бірі – «Павлодар» маршы.
– Қазақстанда бұл өте сирек құбылыс: Алматы маршы ғана бар, енді міне облыс орталығы, Павлодарға арнайы екінші марш жазылды, – деп күледі Мұхит Мұлқаразов. – Шығармаларды Иса Байзақов атындағы облыстық филармония музыканттары, Рүстембек Омаров атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі және менің шәкірттерім – музыкалық колледж студенттері, әріптестерім, кәсіби әншілер мен болашақ жұлдыздар орындады.


Ол ел композиторлар одағына қабылдануын мәртебе деп санайды. Сондай-ақ, жаңа туындылар жасауға ынталандыратын үлкен серпін екенін атап өтті.