Олжас Бектенов Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің отырысын өткізді

Олжас Бектенов Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің отырысын өткізді
Фото: primeminister.kz

Онда Премьер-Министр Қазақстанда жүргізіліп жатқан конституциялық реформаның маңыздылығын атады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

 Үкіметтің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов Орталық Азия елдері мен АҚШ арасындағы «С5+1» форматы шеңберінде мемлекет басшылары қол жеткізген уағдаластықтарды жүзеге асыру мәселелері бойынша Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің отырысын өткізді. Кеңес жұмысына дипломатиялық корпустың, оның ішінде жаңадан тағайындалған АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джули М.Стаффт, сондай-ақ халықаралық компаниялар мен іскер қоғамдастықтың өкілдері және ҚР мемлекеттік органдарының басшылығы қатысты.

 Отырысқа қатысушыларға арнаған сөзінде Премьер-Министр конституциялық реформаның маңыздылығын атап өтті.

- Қазақстан маңызды саяси кезеңнен өтуде. 15 наурызда өтетін жалпыхалықтық референдумда азаматтар жаңа Конституцияның жобасы бойынша дауыс береді. Жаңа Конституция Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Әділетті әрі қуатты Қазақстан құруға бағытталған ауқымды саяси реформаларын айқын көрсетеді. Үкіметтің негізгі міндеті – еліміздің орнықты экономикалық өсуін қамтамасыз ету арқылы азаматтардың табысын арттыру және өмір сүру сапасын жақсарту. Осы мақсатқа жету үшін жаңа инвестициялық циклды толыққанды іске қосуға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылуда, - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Сонымен қатар 19 ақпанда Вашингтонда өткен Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысының ерекшелігіне назар аударылды. 

- Кеше Мемлекет басшысы Бейбітшілік кеңесінің бірінші отырысына қатысып, АҚШ Президенті Дональд Трамптың Таяу Шығыстағы жағдайды тұрақтандыруға бағытталған бастамасына қолдау білдірді. Қазақстан Газаны қалпына келтіру үдерістеріне қатысуға мүдделі. Америка Құрама Штаттарымен қарым-қатынастардың орнықты дамуы Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі бағыттарының бірі болып қала береді, — деп атап өтті Премьер-министр.

Отырыста шетелдік инвесторлармен ынтымақтастықты кеңейту, ұзақ мерзімді капиталды, технологияларды және үздік халықаралық тәжірибелерді тарту, бизнес үшін ашық және болжамды орта қалыптастыру мәселелеріне назар аударылды.

Инвестор-компаниялардың өкілдері инвестициялық өзара іс-қимылдың оң динамикасын және салық реформасы шеңберінде болжанатын әрі реттеуге келетін орта қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Инфрақұрылымды дамытуға, цифрландыруға, өндірісті локализациялауға, озық технологияларды енгізуге және тұрақты экономикалық өсімге бағытталған ұзақ мерзімді әріптестіктерді қалыптастыруға баса назар аударылды.

Премьер-министр Олжас Бектенов халықаралық әріптестермен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және қолайлы инвестициялық ахуал құруға бейілді екенін атап өтті. Жаһандық технологиялық тізбектерді қалыптастыру шеңберінде Үкімет халықаралық технологиялық компанияларды ынтымақтастыққа тартуға және серпінді цифрлық жобаларды жүзеге асыру үшін инфрақұрылым құруға ден қояды. Жауапты мемлекеттік органдарға Америкалық сауда палатасымен бірлесіп алдағы жұмыстарда жиында айтылған бастамалар мен бизнес ұсынымдарын ескеру тапсырылды.