Олжас Бектенов «Таза Қазақстан» акциясы аясында тапсырмаларды орындауды тапсырды
Премьер-Министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 19 қыркүйекте «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы барысында берген тапсырмаларын орындау мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Кеңесте әлеуметтік қолдау, денсаулық сақтау, білім беру, экологиялық мәдениет, вандализмнің алдын алу, құрылыс сапасы және жол инфрақұрылымын дамыту бағыттары қаралды.
Әлеуметтік салада мемлекеттік көмекті нақты мұқтаж азаматтарға бағыттау, әлеуметтік төлемдер туралы халыққа кеңінен түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды. 2026 жылғы 1 қазаннан бастап әлеуметтік төлемдерді тағайындау шарттарындағы өзгерістер туралы азаматтарға SMS, eGov Mobile және банктердің мобильді қосымшалары арқылы ақпарат беріледі.
Денсаулық сақтау саласында балаларды есту аппараттарымен қамтамасыз ету мәселесі қаралып, отандық өндірісті іске қосуға арналған Жол картасын әзірлеу тапсырылды. Білім беру ұйымдарында экологиялық ағартуды күшейту және «Жасыл мектеп» моделін кеңейту міндеті қойылды.
«Таза Қазақстан» ұлттық тазалық стандартын әзірлеу ұсынылды. Ол экологиялық ағарту, волонтерлік, елді мекендердің тазалығы мен абаттандырылуы, көгалдандыру және табиғи аумақтардың тазалығы бағыттарын қамтиды. Акция басталғалы 10 мыңға жуық қоқыс орны жойылып, 7 миллион ағаш отырғызылған.
Сонымен қатар вандализмге қарсы заңнаманы күшейту, қоғамдық орындарға заңсыз жазулар мен суреттер салуға жол бермеу жөнінде ұсыныстар әзірлеу тапсырылды.
Құрылыс саласында сапаны бақылауды күшейту, жауапсыз мердігерлерге қатаң шара қолдану және Астана Урбанистика орталығының тәжірибесін өңірлерге тарату міндеттері белгіленді.
Жол инфрақұрылымы бойынша республикалық жолдардың 94%-ы, облыстық және аудандық жолдардың 91%-ы талаптарға сәйкес келетіні айтылды. Қалаішілік және жергілікті жолдардың сапасын арттыруға ерекше назар аудару тапсырылды.
Берілген тапсырмалардың орындалуын үйлестіру Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жүктелді.