Орманшылықты дайындамаған: Павлодарда лауазымды тұлға жазаланды
Бүгінде кемшіліктер жойылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз қызметінде облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы РММ-нің орман және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің басшысы Шамиль Елюбаев мәлім етті.
– Биыл Павлодар орман шаруашылығы басшысының орынбасары мекемені өрт қауіпті маусымына дайындамағаны үшін жазаға тартылып, 55 мың теңге көлемінде айыппұл төледі, – деді спикер.
Оның сөзінше, Павлодар орман шаруашылығы Май, Павлодар, Аққулы, Ақтоғай, Баянауыл аудандары мен Ақсу, Павлодар, Екібастұз қалаларының аумағында орналасқан.
– Былтыр өрт қауіпті кезеңі қазанда аяқталды. Орманшылықтың басшылығында наурызға дейін істен шыққан техниканы жаңартуға уақыты болды, алайда бұл жұмыстар жүргізілмеді. Тексерісті наурызда жүргіздік. Сол кезде жанар-жағармай материалдары болған жоқ және техникасы дайын болмады, – деп атап өтті Шамиль Елюбаев.
Жалпы инспекция облыстың орман қорғау мекемелерінде 19 тексеру жүргізді. Нәтижесінде 21 адам жауапкершілікке тартылды.