Павлодарда көшелердің бірі жөндеуге жабылды
Көлік қозғалысы бір аптадан кейін қалыпқа келтіріледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қала әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Лермонтов көшесін қайта жөндеу басталды. 2024 жылдың 21 шілдеcі күні сағат 08:00-ден 29 шілде сағат 08:00-ге дейін Луговаядан Астана көшесіне дейінгі аумақта автокөлік қозғалысы жабылды.
Естеріңізге сала кетейік, жергілікті билік Лермонтов көшесін жаяу жүргіншілер үшін қауіпсіз әрі жайлы етуді жоспарлап отыр. Асфальт қалпына келтіріліп, қауіпсіздік аралдары орнатылады, велосипед жолдары төселіп, өсімдіктер отырғызылады. Қоғамдық көліктерге арналған аумақ арнайы жолақпен бөлінеді.
Сонымен қатар құрғақ субұрқақтар, балалар және спорт алаңдары, жаңа орындықтар, мүсіндер, фуд-корттар мен павильондар пайда болады.
Бұған дейін қала әкімдігі жобаның екі кезеңге есептелгенін нақтылаған болатын: біріншісі – Луговаядан Бұқар жырауға дейін, екіншісі – Бұқар жыраудан Сұрағановқа дейін. Барлық жұмыстарды 2025 жылы аяқтау жоспарлануда.