Пәтер сатып алуды ұсынған: Екібастұзда көпбалалы ана сотталды
Ол алдау арқылы 43 миллион теңгеден астам пайда тапқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екібастұз қалалық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, алты жәбірленушіге аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін (ҚК 190-бабы, 4-бөлігі, 2-тармағы) әйел адамға қатысты қылмыстық істі қарады.
Ол 2022-2023 жылдар аралығында алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолы арқылы ақшалай қаражат жымқырған.
– Қылмыстық ниетін жүзеге асыру үшін туыстары мен достарына өзінің таныстары арқылы пәтер мен үй сатып алуды, сонымен қатар тендерлерге қатысу арқылы пайда табуды ұсынған. Осылайша жалпы сомасы 43 миллион теңгеден астам қаражат алған алаяқ ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсаған, – дейді баспасөз қызметінде.
Сот отырысында сотталушы кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінді. Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәлардың және қылмыстық іс материалдарының айғақтарымен дәлелденді.
Алаяқтың істегені ауыр қылмыс санатына жатады және заңда тек бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген. Сот әйел адамның кінәсін толық мойындауын және шын жүректен өкінуін, жүктілігін, төрт кішкентай баласының болуын ескерді. Оның ішінде біреуі – мүгедек. Сондай-ақ тұрғылықты жері бойынша оң мінездемесін ескере отырып, заңмен көзделген ең төменгі жаза атап айтқанда, бес жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Айта кетерлігі, сот жазаны өтеуді кейінге қалдыруға негіз көрмеді, өйткені сотталушы ұзақ уақыт бойы бірнеше рет ауыр қылмыс жасап, келтірілген зиянды өтемеген. Сондай-ақ, жәбірленушілер оны бас бостандығынан айыруды талап етті.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.