Құқық пен бірліктің квесті: Павлодарда заңнамалық білім сыналды

Құқық пен бірліктің квесті: Павлодарда заңнамалық білім сыналды
Фото: ұйымдастырушылардан

Павлодарда ҚР Конституциясының 30 жылдығына арналған «El Qorgany» атты құқықтық квест ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Әділет формуласы» жобасы аясында өткен бұл шара жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, командалық өзара әрекеттестікті нығайтуға бағытталды.

Ашық аспан астында өткен квест «Volunteer time» шағын гранттары шеңберінде «Әділет» бағыты бойынша өткізілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ойын түріндегі формат әскери және құқық қорғау органдарының жас мамандарына заңнамалық білімдерін тәжірибе жүзінде қолдануға мүмкіндік берді.

Шараға ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Павлодар облысы бойынша бөлімшесі, қалалық солтүстік және оңтүстік полиция бөлімдері, төтенше жағдайлар департаменті, Ұлттық ұланның 5512 және 6679 әскери бөлімдері мен қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің командалары қатысты. Әр команда бес адамнан құралды. Қатысушылар бірнеше тақырыптық бекеттерден өтіп, Конституцияға қатысты сұрақтарға жауап беріп, күрделі жағдайларда шешім қабылдауда өз дағдыларын сынады.

– Шараның басты мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру және заңның қоғамдағы рөлін терең түсіндіру, – дейді ұйымдастырушылар.

Қатысушылар квесттің ерекше атмосферасын атап өтті. «Бұл ойын тек білімімізді ғана емес, командалық рухымызды да сынады. Ашық ауада өткен квест ерекше әсер қалдырды», – деп бөлісті қатысушылардың бірі.

Нәтижесінде үш үздік команда анықталды: бірінші орынды – қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің командасы, екінші орынды – шекара қызметі, үшінші орынды Павлодар қаласының полиция басқармасы иеленді. Жеңімпаздар марапатталып, қатысушылар жағымды әсермен тарқасты.