Паралимпиада-2024: Қазақстандық спортшы ел олжасына тағы бір алтын әкелді
Ақмарал Науатбек XVII жазғы Паралимпия ойындарының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Палуан пара дзюдодан 48 келі салмақ дәрежесінде (J2 санаты) белдесті. Финалда ол Франция өкілі Сандрина Мартинеден басым түсіп, алтын жүлдеге қол жеткізді.
– Пара дзюдодан Қазақстан тарихында әйелдер арасында тұңғыш әлем чемпионы атағын жеңіп алған Ақмарал енді міне, ел тарихында дәл осы спорт түрінен Паралимпиадада топ жарған алғашқы спортшы атанып отыр. Ол былтырғы пара Азия ойындарында да қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа таққан еді. Отандасымыздың бұл жеңісі елімізде пара спортпен айналысатын жандарға үлгі-өнеге болды деп ойлаймын, – деді Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.
Айта кетейік, Ақмарал Париж татамиінің жартылай финалында түркиялық Джахиде Екені, ширек финалда үндістандық Кокиланы иппонмен жеңген еді.
Бұған дейін ерлер арасында 54 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Давид Дегтярев 188 келі салмақты еңсеріп, екі дүркін Паралимпиада чемпионы атанды. Бұл – Парижде ұлттық құрама қоржынына түскен алғашқы алтын медаль.