Павлодарлық өнерпаз Ресейде өткен байқауда үздік үштікке енді
Уфада жас орындаушыларға арналған «Урал Иле» халықаралық байқауы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
29 жастағы Ұғыбайдолла Мүфтән Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның қазақ халық аспаптар оркестрінде бес жылдан бері өнер көрсетіп келеді.
Байқауда ол үшінші жас санатында – музыкалық жоғары оқу орындарының жоғары курс студенттері мен магистрлері арасында өнер көрсетті.
– Мен «Халық үрмелі аспабы – қурай» номинациясына қатыстым, – дейді музыкант. – Башқұрттың қурай мен сыбызғы мектебінен келген өнерпаздар мықты болғандықтан аспапта ойнау қиынға соқты.
Байқауға қатысушылардың бірінші кезеңі бейнежазба арқылы сырттай өткізілді. Ұғыбайдолла Мүфтән башқұрт композиторы Загир Исмагиловтің «Аңсаған аңсау» және моңғол халық күйшісі Қалек Құмақайұлының «Арман» шығармаларын көпшілік назарына ұсынды.
Уфа өнер институтының Федор Шаляпин атындағы концерт залында өнер көрсету үшін Башқұртстанға екінші гастрольдік сапарға шақырылғандардың қатарында павлодарлық өнерпаз да болды. Ермұрат Үсеновтің «Өмірдастан» шығармалары, сондай-ақ халық әні «Япурай» мен «Сал құла» күйі орындау Ұғыбайдолла Мүфтанның үздіктер қатарынан көрінуіне әсерін тигізді.
Айта кетейік, Ұғыбайдолла Мүфтән Астана қаласында өткен XXIV халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар байқауының лауреаты атанған.