Павлодар ауданына кірме жол жөнделеді

Павлодар ауданына кірме жол жөнделеді
Фото: ашық дереккөзден

Сонымен қатар фельдшерлік-акушерлік пункттің ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілетін болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Луганск ауылдық округі әкімдігінің мәлімдеуінше, жөндеу жұмыстары Павлодар ауданы Богдановка ауылында жүргізіледі. Нысандарды жөндеуге жобалық-сметалық құжат әзірленді. 

- Луганск ауылдық округінің даму бағдарламасы аясында 2024 жылы Богдановка ауылында ұзындығы 0,4 шақырым кірме жолға орташа жөндеу және фельдшерлік-акушерлік пункттің ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілетін болады. Қос жұмысқа 57 миллион теңге бөлінді, – делінген хабарламада. 

Биыл ауылға қосымша 22 көше шамы орнатылды. Сондай-ақ, судың сапасыздығына байланысты екі жыл бұрын салынған су құбырына 65-тен астам абонент қосылды. 

Сонымен қатар, 2025 жылы ауылда ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізіледі. "Ауыл – ел бесігі" мемлекеттік бағдарламасы бойынша ауылдық клубты күрделі жөндеуден өткізіп, оның аумағын, жергілікті мектепті абаттандырады. Онда шатырды, жылыту жүйесін жаңартып, терезелерді, есіктерді, санитарлық тораптарды және электр сымдарын ауыстыруды, жылу жүйесін жөндеу, терезе блоктарын, есіктерді, санитарлық тораптарды және электр сымдарын ауыстыру көзделуде. Осы жылы ұзындығы 4,3 шақырым болатын кентішілік төрт жол орташа жөндеуден өтеді.