Павлодарда қызметкері үшін МӘМС төлемеген жұмыс берушілер қалай жазаланады?
Заңды және жеке тұлғалар өз қызметкерлері үшін шамамен 63 миллион теңге аудармаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Ерболат Ғаббасовтың сөзінше, МӘМС бойынша 2353 борышкер бар. Бұл – салық органдарына есепті ұсынған, бірақ жарна мен аударымды төлемеген немесе толық төлемеген салық төлеушілер, заңды тұлғалар және жеке кәсіпкерлер.
– Қарыздың жалпы сомасы 63 миллион теңгені құрайды. Оның ішінде 881 салық төлеушіден өсімақы 48 миллион теңгеге жуық, – деді Ерболат Ғаббасов. – Бір салық төлеушіге шамамен 59-54 мың теңге шығады. Менің ойымша, борышкерлердің негізгі бөлігі жеке кәсіпкерлер болып табылады.
Кірістер департаменті аталмыш салық төлеушілерге хабарлама жіберіп, есеп тапсыру кезінде нақты ақпарат ұсынуды өтінеді. Алайда кейбір жұмыс берушілердің кәсіптері тек сөз жүзінде ғана бар болады немесе салық органдарына тапсырған есебінде төлем аудардым деп жазып, іс жүзінде төлем өтпегені анықталады. Осындай салық төлеушілер МӘМС бойынша жұмыскерлеріне аударым мен жарналарды төлемей, хабарламаны 31 күн ішінде орындамаған болса, оның барлық шоттары бұғатталады. Яғни есеп айырысу шотынан ақша ала алмайды.