Павлодар ауданында ұстаздар мен білім саласының ардагерлеріне құрмет көрсетілді
Кемеңгер ауылында Ұстаздар күніне арналған «Ұстазға мың алғыс» мерекелік концерті өтті. Кәсіби мерекеге орай педагогтер мен білім саласының ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, үздік мамандар марапатталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Салтанатты шара аудандық мәдениет үйінде өтті. Кіреберісте қонақтарды саксофонның жанды әуенімен қарсы алған мерекелік бағдарламаны облыстық «Бүлдіршін» фестивалінің жеңімпаздары – Шақат мектебі жанындағы шағын орталықтың тәрбиеленушілері «Батырлар» биімен ашты.
Мерекенің негізгі тақырыбының бірі – ұстаздар буынының сабақтастығы болды. Еңбек жолын енді бастаған жас мамандар мектептегі алғашқы күндері, мұғалімдік қызметтен күткендері мен шынайы өмірдегі қызықты сәттері туралы әзіл-шыны аралас стендап ұсынды. Бұдан кейін жас педагогтер кәсіптік адалдық антын қабылдады.

Павлодар ауданының әкімі Дидар Ибраев ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтады. Ол саналы ғұмырын ауыл балаларына білім мен тәрбие беруге арнаған ардагер ұстаздарға ерекше алғысын білдірді.
– Сіздер талай шәкірттің жүрегіне білімге құштарлық ұялатып, үлкен өмірге жол аштыңыздар. Ауыл мектебінің абыройын асқақтатып, ауданымыздың білім беру дәстүрін қалыптастырдыңыздар. Бүгінде елге қызмет етіп жүрген азаматтардың жетістіктерінде сіздердің еңбектеріңіздің ізі бар. Ал бүгінгі мұғалімдердің кәсіби ізденісінде сіздер көрсеткен өнеге жалғасып келеді. Ұстаздықтың қадірін биік ұстағандарыңыз үшін баршаңызға шынайы алғыс айтамын, – деді Дидар Ибраев.
Аудан басшысы білім саласындағы әрбір жетістік педагогтердің табанды еңбегінің, оқушылардың талпынысы мен ата-аналардың қолдауының ортақ нәтижесі екенін атап өтті. Ауданда мектептерді жаңарту, жөндеу және заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Мұғалімдер біліктілігін арттырып, оқытудың жаңа әдістерін меңгеруде. Ал оқушылар пәндік олимпиадаларда, ғылыми жобаларда, шығармашылық байқаулар мен спорттық жарыстарда жақсы нәтижелер көрсетіп жүр.
– Әрбір осындай жеңістің артында баланың қабілетін таныған, сенімін нығайтқан, уақытын аямай дайындаған ұстаз тұр. Сондықтан шәкірт жетістігін айтқанда, ең алдымен, сіздердің еңбектеріңізге құрмет білдіреміз, – деді аудан әкімі.
Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша аудан педагогтері республикалық деңгейде бірқатар жетістікке қол жеткізді. Черноярка мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Гүлдана Төленова республикалық «Математикалық регата» байқауында Бас жүлдені иеленіп, республикалық «Алтын тұғыр» байқауында екінші орын алды. Осы мектептің математика пәнінің мұғалімі Марина Қошқарбаева республикалық «Педагогикалық идеялар панорамасы» байқауында үшінші орынға ие болды. Ал Чернорецк №2 мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Базаргүл Ахметова республикалық «Авторлық бағдарлама» байқауында үшінші орын алды.
Дидар Ибраев білім беру саласына жаңа технологияларды, оның ішінде жасанды интеллектіні енгізу мәселесіне де ерекше тоқталды.
– Мен ауданымыздың мұғалімдеріне сенемін. Сіздерде кәсіби тәжірибе де, ізденіс те, жаңашылдыққа ұмтылыс та бар. Жасанды интеллектіні меңгеру, оны сабақтың сапасын арттыруға пайдалану – біздің ұстаздардың қолынан келетін іс. Бұл бағытта тәжірибе алмасуды, өзара үйренуді және мұғалімдердің бастамаларын қолдауды күшейтуіміз қажет, – деді ол.
Салтанатты шара барысында педагогтер Павлодар облысы әкімінің, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің, Павлодар ауданы әкімінің, аудандық мәслихат пен облыстық білім беру басқармасының Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен марапатталды.
Мерекеде аудандық кәсіби байқаулардың қорытындысы да шығарылды.
«Мектепке дейінгі ұйымның үздік педагогы» байқауында Розовка балалар бақшасының тәрбиешісі Екатерина Мустафина бірінші орынға ие болды. Екінші орынды Ямышев балалар бақшасының тәрбиешісі Алмагүл Камиль, үшінші орынды «Аяла» балалар бақшасының тәрбиешісі Халида Сағынбекова иеленді.
Аудандық «Жыл мұғалімі – 2026» байқауында Кеңес негізгі мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Азира Мадине жеңімпаз атанды. Екінші орынды Черноярка жалпы орта білім беру мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанар Аюпова, үшінші орынды Мичурин орта мектебінің география пәнінің мұғалімі Шұғыла Сүлейменова иеленді.
«Шығармашыл педагог» номинациясымен Пресное орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Күнсұлу Мансурова, ал «Шеберлік шыңына» номинациясымен Ольгин орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Анна Емцова марапатталды.
Заңғар жалпы орта білім беру мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Алина Тулеутемирова да ерекше құрметке ие болды. Ол «Үздік ауыл мұғалімі – 2026» байқауының облыстық кезеңінде бірінші орын иеленді.
Мерекенің ең әсерлі сәттерінің бірі мектеп директорларының өздерінің алғашқы ұстаздарымен кездесуі болды. Білім беру ұйымдарының басшылары сахнаға шығып, кезінде өздеріне білім берген, өмірдегі алғашқы қадамдарына бағыт-бағдар көрсеткен ұстаздарының есімдерін атады. Директорлар тәлімгерлеріне деген ризашылықтарын білдіріп, оларға «Алғашқы ұстазым» әнін арнады.
Ауданның білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілері де ұстаздарға шығармашылық тартуларын ұсынды. Чернорецк №1 жалпы орта білім беру мектебінің оқушысы Алмаз Бекітхан «Ұстазым» әнін орындады. Балабақша директорлары да тәрбиеленушілерімен бірге сахнаға шықты.
Мерекелік кеш арнайы қонақ Жібек Айтбаеваның концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Ұстаздарға ізгі тілегін білдірген аудан әкімі білім саласын қолдау, мектептерде қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру және педагогтердің нәтижелі еңбек етуіне жағдай жасау аудан әкімдігі үшін маңызды міндеттердің бірі болып қала беретінін атап өтті.
Фото ұйымдастырушылардан