Павлодар ауданының мәдениет үйлері артық қызмет көрсеткені үшін жазаланды

Олар нұсқаманы орындамаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы бойынша бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің департаменті бірқатар мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорындардың заңға қайшы әрекеттерін анықтады.
– Тексеру барысында Луганск, Мичурин, Чернорецк және Розовка ауылдарындағы мәдениет үйлерінің МКҚК жарғыларында көрсетілмеген қызметтерді жүзеге асырғаны белгілі болды. Атап айтқанда, олар автоклубтардың жұмысын кеңейту және мәдени-демалыс мекемелерінің қызметкерлерін оқыту сынды қызметтер көрсеткен. Бұл өз кезегінде монополияға қарсы заңнама талаптарына сәйкес келмейді, – деді департаментте.
Агенттік департаменті аталған қызмет түрлерін жарғылардан 30 жұмыс күні ішінде алып тастауды міндеттеген болатын. Алайда нұсқамалар уақытылы орындалмаған. Соның салдарынан МКҚК әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 196 600 теңге көлемінде айыппұл салынды.