Павлодар облысында жол бойынша жүзден астам жоба жүзеге асырылды
Тізімге жол жабынын қайта жаңарту және жөндеу жұмыстары кірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы облыстың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында мәлімдеді.
– Биыл облыста жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекендердің көшелерін қайта жаңарту және жөндеу бойынша 121 жоба іске асырылды, – деп хабарлады ведомствода. – Олардың жалпы ұзындығы 448 шақырымнан асты, жобалардың жалпы құны 27 миллиард теңгеден асады.
Облыстық маңызы бар жолдардың жабынын орташа жөндеуден өткізуге арналған тоғыз жоба (96,2 км) 5 миллиард теңгеге түсті.
– Облыстық маңызы бар Ақтоғай – Шолақсор автожолының соңғы 30 шақырымы қиыршық тасты жабыннан асфальтбетон жабынына ауыстырылды, – деп бөлісті мемлекеттік органда. – Сонымен қатар Майқайың – Екібастұз автожолын орташа жөндеуге арналған екі жылдық жобаны іске асыру басталды.
Сондай-ақ Железинка – Веселая Роща – Мыңкөл автожолының 65,87–80,87 км аралығындағы учаскесінде қиыршық тас асфальтқа ауыстырылды.
Аудандық маңызы бар жолдарға келсек, биыл Амангелді ауылына кіреберіс жолдың 15 шақырымы қайта жаңартылды.
– Аудандық маңызы бар жолдарды қайта жаңарту және жөндеу бойынша ұзындығы 152,9 шақырымды құрайтын 32 жоба іске асырылды, олардың жалпы құны 9,7 миллиард теңге, – деп толықтырды басқармада.
Жөндеу жұмыстары елді мекендердің көшелерін де қамтыды: шамамен 200 шақырым, яғни 80 жоба жүзеге асырылып, оған 13 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды.
– 2025 жылға жоспарланған жол жөндеу жұмыстарының көлемі толықтай аяқталды, – деп сендірді ведомствода.
Өңірдегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 5 515 шақырымды құрайды, оның ішінде облыстық маңызы бар жолдар – 3 852 шақырым.