Павлодар балаларына жазда қандай медициналық қызметтер қолжетімді?

Балаларды тексеру мен мектеп медицинасын дамытуға қомақты қаржы бөлінді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Балаларды қорғау күні қарсаңында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры кішкентай пациенттерге ТМККК және МӘМС аясында қолжетімді медициналық қызметтерді еске салды.
– Қазақстандағы 18 жасқа дейінгі барлық балалар МӘМС жүйесінің қатысушысы болып табылады, олардың орнына жарнаны мемлекет төлейді. Сондықтан қажет медициналық көмекті олар тегін ала алады, – деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басқарма төрағасының орынбасары Сәуле Тәжібаева.
Оның айтуынша, 2025 жылы балаларға профилактикалық тексерулер мен скринингтер өткізуге 47,5 миллиард теңге, ал мектеп медицинасын қаржыландыруға 28,1 миллиард теңге бөлінген.
Мектеп медицинасы аясында балалар денсаулығы жүйелі бақылауға алынады. Ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес вакцинация, жыл сайынғы профилактикалық тексерулер, алғашқы медициналық көмек – барлығы білім беру ұйымдарының ішінде жүргізіледі. Егер балабақша немесе мектеп қабырғасында тексеруден өтпеген болса, бала жаз айларында тіркелген емханада тегін тексеріле алады.
Жаз мезгілінде МӘМС аясында балаларға шұғыл медициналық көмек, бастапқы медициналық-санитариялық көмек, созылмалы және әлеуметтік мәні бар ауруларды бақылау, оңалту қызметтері қолжетімді. Қажет болған жағдайда офтальмолог, ЛОР, хирург, тіс дәрігері сияқты бейінді мамандардан кеңес алуға, диагностикалық зерттеулерден өтуге мүмкіндік бар. Барлық қызметтер МӘМС жүйесінде тегін көрсетіледі.
Сарапшылар жазғы демалысты балалардың денсаулығын нығайтуға арнап, профилактикалық тексерулерден өтуге және қажетті оңалту шараларын қабылдауға кеңес береді.