Павлодар есірткіге қарсы жасанды интеллект жобасы іске қосылды

Павлодар есірткіге қарсы жасанды интеллект жобасы іске қосылды
ЖИ иллюстрациясы

Жоба азаматтар үшін есірткіге қарсы ақпарат пен консультациялық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Ертіс-Баян өңірі Қазақстанда алғашқы болып жасанды интеллект негізіндегі цифрлық платформаны енгізді.

Antinarko.kz цифрлық сервисі азаматтар үшін есірткіге қарсы ақпарат пен консультациялық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Жаңа ресурстың таныстырылымы өңірдің басты сахнасы - Ertis Promenade алаңында өтті.

- Жобаны құру идеясы 11 жылдық практикалық жұмыс тәжірибемнен және қиын жағдайға тап болған адамға ең алдымен жылдам әрі түсінікті жауап қажет екенін түсінуден туындады. Яғни, қайда жүгіну керек, қай жерден көмек алуға болады және заңнамада не қарастырылғанын білу маңызды. Мен кез келген уақытта қолжетімді болатын және қажетті ақпаратты онлайн алуға мүмкіндік беретін құрал жасағым келді, - деді Павлодар облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Ирина Тимиргалиева.

Antinarko.kz сервисінде пайдаланушылар медициналық ұйымдар және көмекке жүгіну тәртібі туралы ақпаратпен танысып, заңнамада көзделген жауапкершілік шаралары туралы мәлімет ала алады. Сонымен қатар, жасанды интеллект негізіндегі консультациялық сервисті пайдалану мүмкіндігі қарастырылған.

Цифрлық ресурсты құру облыстық полиция департаментінің профилактикалық жұмысын цифрландыру бағыттарының бірі болды.

Жаңа сервис есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу, халықтың құқықтық сауаттылығы мен ақпараттандырылуын арттыру, сондай-ақ консультациялық көмектің цифрлық форматтағы қолжетімділігін кеңейту бойынша жүйелі жұмыстың бір бөлігі болып табылады.