Павлодар футболының өз Турловы қашан пайда болады?

Павлодар футболының өз Турловы қашан пайда болады?
Фото: Ольга Бугаева

Қазақстан Президенті кәсіби спортты жекешелендіруді қолдайды. Алайда Павлодар клубтарының әлі күнге дейін тұрақты демеушілері жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында және көпшілік алдында сөйлеген сөздерінде Қазақстандағы кәсіби спорттың бюджетке тәуелділіктен арылуы керектігін айқын аңғартты. Әкімдіктердің жыл сайын сырттан келген легионерлердің жалақысы мен күмәнді агенттердің қалтасын толтыруға бюджет қаржысын бөле беретін жүйесі түбегейлі ескірді. Мемлекет басшысы клубтарды жекенің қолына беруге, инвесторлар тартуға, кәсіби футболды жекешелендіру мен жүйелі бизнес қағидаттарына көшіруге ашық түрде шақырды. Алайда өңірлерде бұл тапсырма әртүрлі қабылданып жатыр. Бүгінде аймақтар арасындағы айырмашылық көзге ұрып тұр.

Кез келген адамның көкейінде заңды түрде туындайтын басты сұрақ: металлургия, энергетика және мұнай өңдеу салаларынан орасан табыс тауып отырған өнеркәсіпті Павлодар – зауыттар қаласы – неге әлі күнге дейін талай қиындықты бастан өткерген «Ертіс» клубына лайықты жеке инвестор таба алмай отыр? Әңгіме бір күндік клуб туралы емес. Бұл – Қазақстанның бес дүркін чемпионы, Азия Чемпиондар лигасының жартылай финалисі, алпыс жылдық тарихы бар, талай буын жанкүйердің футболға деген сүйіспеншілігін оятқан команда. Өңірде бәрі бар: ірі кәсіпорындардың қаржылық әлеуеті, клубқа адал жанкүйерлер және жоғарыдан берілген нақты тапсырма. Тек бір нәрсе жетіспейді – клубты иесі бар жүйелі шаруашылыққа айналдыратын стратегия.

Қарағандының «Шахтері» мүлде басқа тәсілдің үлгісін көрсетіп отыр. Кезінде қарағандылықтардың Бірінші лигаға түсіп қалуы үлкен апаттай көрінуі мүмкін еді. Бірақ клуб басшылығы басын тауға да, тасқа да ұрған жоқ, дүрбелеңге салынбады, элитаға қалай да тез оралу үшін сырттан келген футболшыларды вагондап сатып алуға ұмтылмады. Керісінше, байыпты шешім қабылдады. Қарағанды облысы – Люксембургтегі шағын кантон емес, спорттық дәстүрі терең, мінезі қатал өлке.

Осы әлеуетті кәсіпкер Тимур Турлов дөп басып таныды. Ол Қарағанды футболына ұзақ мерзімді жеке инвестициямен және жүйелі көзқараспен келді. Қарағандыда жекелеген олқылықтарды уақытша жамай салудың орнына, ең алдымен іргетасқа көңіл бөлінді: инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту қолға алынды, заманауи академияның құрылысы басталды, ең бастысы – облыстың түкпір-түкпірінде балалар мен жасөспірімдерге арналған футбол секцияларының желісі құрылып жатыр. «Шахтер» артық даңғаза мен әбігерге салынбай-ақ Премьер-лигаға қайта оралды. Алайда бұл ұйқыдағы алыптың мақсаты жай ғана жоғары дивизионға шығумен шектелмейтіні анық. Артында жеке инвесторы, инфрақұрылымы және спорттық өршіл мақсаты бар Қарағанды ұзақ мерзімді болашақта өз орнын қайтарып алуға бет алды.

Ал осы уақытта Павлодарда не болып жатыр? Жоғары дивизионға қайта оралған «Ертіс» Премьер-лигада құрғаққа шығып қалған балықтай күй кешуде. Ойлап қараңыз: бір маусымның ішінде 40-қа жуық футболшы ауысты, бір жылдың ішінде төрт бас бапкер қызметінен кетті, команда турнир кестесінде 13-орында тұр және жоғары дивизионда қалу үшін жанталасып күресуде. Оның үстіне, алаңда клубтың жергілікті түлегінен қалыптасқан бірде-бір ойыншы жоқ. Мемлекет қаржысы жүйесіздіктің отына жағылып жатыр.

Әлемде әлдеқашан жұмыс істеп тұрған дайын үлгілер бар кезде, велосипедті қайта ойлап табудың қажеті қанша? Мысалы, Тираспольдің «Шериф» клубының тәжірибесін еске түсірейік. Онда жеке инвестор футбол инфрақұрылымын мінсіз деңгейде қалыптастырды: заманауи негізгі стадион, қосалқы арена, академияға арналған бірнеше алаңы бар толық өлшемді жабық манеж салынды. Іс жүзінде бұл – еуропалық деңгейдегі «Спорт-сити». Павлодардың қатал климатын ескерсек, ашық стадион мен жабық манежді ұштастыру – ең дұрыс әрі тиімді жол. Бұл өз тәрбиеленушілерін жыл бойы дайындап, футбол ойнауға, оңтүстіктегі өзге клубтардың алаңдарын жағалап кетпей, жергілікті футболды дамытуға мүмкіндік береді.

Қарағандының тәжірибесі бір нәрсені дәлелдеді: егер ірі бизнес өкілдерімен инфрақұрылым, академия және клуб брендінің құнын арттыру тұрғысынан сөйлессең, қазақстандық футбол инвесторлар үшін қызықты салаға айнала алады. Ал «кезекті келімсектердің жалақысына ақша қосыңыздар» деп қол жайып отырудан ештеңе шықпайды.

«Ертіске» қағаз жүзіндегі кезекті әдемі жобалар мен жылтырақ суреттер қажет емес. Клубқа жүйелі жұмыс істейтін өз инвесторы, өзінің футбол академиясы және даңқты тарихына лайықты, нақты әрі берік футбол стратегиясы қажет.