Павлодар география үйіне он екі жыл толды

Павлодар география үйіне он екі жыл толды
Фото: Константин Шелков

Аймақ патриоттарының қоғамдық ұйымы жыл қорытындысын жариялады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Мерейтойлық шарада география үйінің белсенді мүшелері мен филиалдарының өкілдері Алғыс хаттармен, грамоталармен және ведомстволық медальдармен марапатталды, жаңа мүшелік куәліктер табысталды, сондай-ақ бірнеше адам «AMANAT» партиясының қатарына қабылданды.

ПавГео ұйымының негізін қалаушы әрі жетекшісі Александр Вервекиннің айтуынша, мерейтойдың жылдың соңына дәл келуі – атқарылған жұмыстарды саралап, нәтижелерді бағалауға таптырмас мүмкіндік.

– Біз ешқашан кез келген жолмен қатысушылар санын арттыруға тырыспадық. Соған қарамастан, бүгін география үйінде 258 адам бар. Биыл тегін балалар клубтарының саны артты: геолог күніне орай жаңа геологиялық студия ашылды. Сондай-ақ Павлодар, Ефремовка, Новочерноярка және Екібастұзда төрт краевед клубы жұмысын жалғастырып жатыр. Оларға әр жастағы тұрғындар, соның ішінде балалар қатысады, – деді ол. 

Александр Вервекин балалардың қоғамдық өмірге белсенді араласуының маңыздылығын ерекше атап өтті. Қазіргі таңда үйірмелерде 130-ға жуық бала бар. Олар бос уақытын мақсатсыз өткізбей, пайдалы іспен айналысып, үлкендермен бірге зерттеу жұмыстарына қатысып жүр.

– Біздің барлық демеушілерімізге, серіктестерімізге және география үйінің мүшелеріне алғыс айтамын. Балаларын үйірмелерге жіберіп, қолдау көрсететін отбасыларға ерекше рақмет. Отаны мен ғылымды осылай шынайы құрметтеу – нағыз патриоттардың ісі, – деді ұйым жетекшісі.

ПавГео алдағы уақытта деректі фильмдер түсіруді, жаңа кітаптар шығаруды, экспедициялар мен жорықтар ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ жиналған алты жүзге жуық экспонат негізінде жаңа картографиялық музей ашу көзделген. Биыл ұйымның он жетінші филиалы Богдановка ауылында ашылды.

Филиал жетекшісі Валентина Фейст ПавГеомен ұзақ жылғы серіктестіктің жемісті болғанын атап өтті.

– Әр экспедиция, әр кездесу ерекше әсер қалдырады. Мектепте көптен бері балалар мен ересектерге арналған филиал ашу мәселесі көтеріліп жүрген. Бірлескен еңбектің арқасында ауылда музейлік бұрыш ашылды, экспонаттар жиналды, экологиялық экспедициялар ұйымдастырылуда. Богдановка XX ғасырдың басында, Столыпин реформасы кезеңінде пайда болған ауыл. Мұнда қоныс аударушылар туралы және ауыл тарихына қатысты материалдар жиналған, – Валентина Фейст.

ПавГео жетекшісі ұйым мүшелерінің туған өлкеге деген сүйіспеншілігі ерекше екенін айтады. Әрқайсысы өз ауылында, өз қаласында туған жердің тарихын сақтап, келер ұрпаққа жеткізуге атсалысып жүр.

– Біздің «Көшпенділер» балалар клубында жеті белсенді қатысушы бар. Филиал жергілікті тарихты зерттеп, оны насихаттаумен айналысады. Айналадағы елді мекендерде тұрған адамдардың туыстары жиі хабарласады, біз оларға әрдайым тегін көмектесеміз, – деді биыл «Үздік филиал» атанған Новочерноярка ауылындағы филиал жетекшісі Оксана Паталаха.

Павлодар география үйінің тарихы – осы ұйымды дамытып, өміршең етіп отырған адамдардың тарихы. Олар – шығармашыл, ізденімпаз, географияны сүйетін жандар. Сол азаматтардың ынтасы мен еңбегінің арқасында жаңа кітаптар жазылып, жобалар мен экспедициялар жүзеге асып, туған ел мен әлем туралы тың деректер ашылып келеді.