Павлодар колониясында қойдың майынан сабын шығарады

Павлодар колониясында қойдың майынан сабын шығарады
Фото: Павлодар облысы бойынша ҚАЖД

Өнім табиғи ингредиенттерден жасалған, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.  

Павлодар облысы бойынша ҚАЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, №46 мекемеде қой майына негізделген халал сабын өндірісі және Tauba брендімен спорттық костюмдер тігу бойынша бірегей жоба қолға алынды.  

– Бұл жоба сотталғандар үшін жаңа жұмыс орындарын құрып қана қоймай, жергілікті өндіріс пен тұрақты дамуды қолдауға бағытталған.  Халалдың барлық талаптарына сай келетін өнім  тұтынушылар арасында сұранысқа ие, – дейді  мекеме бастығы Сұлтан Бакин.

Tauba брендінің спорттық костюмдері өз кезегінде сапа мен стильді біріктіреді. Бұл сотталғандарға өздерінің шығармашылық қабілеттерін көрсетіп қана қоймай, жаңа дағдылармен бостандыққа шығуға дайындалуға мүмкіндік береді. 

– Осылайша қамаудағы адамдар туралы түсінік өзгереді деген ойдамыз. Біздің бағдарламалар оңалту мен әлеуметтендіруге, сондай-ақ нарықта сұранысқа ие өнімдерді жасауға бағытталған, – деп атап өтті Сұлтан Бакин.

Өнімдер жергілікті және ұлттық нарықтарда қолжетімді болады, бұл сотталғандарды жұмысқа орналастыру және өзін-өзі жүзеге асыру үшін қосымша мүмкіндіктер жасайды. Аталған жобаларды іске қосу – инклюзивті және әлеуметтік бағдарланған қоғамға жасалған қадам.