Павлодар мұнай-химия зауыты шу болған автомобиль бензинін сынамадан өткізді

Павлодар мұнай-химия зауыты шу болған автомобиль бензинін сынамадан өткізді
ЖИ иллюстрациялық суреті

Оған автомобиль жүргізушілерінің шағымы себеп болған еді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жуырда павлодарлық жүргізушілер әлеуметтік желі арқылы бензин сапасына жаппай шағымданғаны есімізде. Онда жүргізушілер жанармай құйғаннан кейін көлік қозғалтқыштарының жұмысында ақаулар пайда болғанын жеткізген. Осы шудан кейін энергетика министрлігі жағдайды бақылауға алғанын мәлімдеген еді. 

–  Павлодарда жанармай сапасына қатысты ықтимал заңбұзушылықтарды анықтау үшін зауытта тексеру жүргізіліп жатыр, - деп мәлімдеген ҚР энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.

Бүгін Павлодар мұнай-химия зауытында автомобиль бензинінің арбитражды сынамасының нәтижелері жарияланды.

–  25 тамызда Павлодар мұнай-химия зауытының автомобиль бензинінің арбитражды сынамалары SGS Kazakhstan тәуелсіз зертханасында талданды. Зертханада арбитражды сынамалардың МЕМСТ 32513 сапасына сәйкестігі расталды. Осылайша, Павлодар мұнай-химия зауыты шығаратын АИ 95 және АИ 98 бензин маркалары Кеден одағы техникалық регламентінің КО ТР 013/2011 және МЕМСТ 32513-2013 талаптарына сай келетіні анықталды, - деді ПМХЗ-ның баспасөз қызметі. 

Яғни, зауыт жөнелткен бензин партияларының сапасы нақты талаптарға сай келетіні расталды. 

Айта кетелік,арбитражды сынама дегеніміз – паспорттау кезінде мұнай өнімінің әрбір тиелетін партиясының сынамасы зауыт аумағында орналасқан SGS тәуелсіз зертханасында талдаудан өтеді. Оған арбитражды сынама деген пломба қойылып, ол арнайы арбитражды қоймада 45 тәулік бойы сақталады және мұнай өнімінің сапасын бағалауына қатысты келіспеушіліктер туындаған кезде пайдаланады.

Ал сұйық отынға талдау жүргізген SGS Kazakhstan тәуелсіз зертханасы әлемге әйгілі. Оның 115 елде бөлімшелері бар, штаб-пәтері Швейцарияның Женева қаласында орналасқан.