Павлодар маңында көлікке дәрет сындырған ауыл тұрғыны қамауға алынды
Құқық бұзушы анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 26 наурыз күні сағат 17:40 шамасында полицияға Ленин кентінде Малайсары батыр көшесінде ер адамның дәрет сындырғаны туралы хабарлама түскен. Учаскелік инспектор 34 жастағы жергілікті тұрғынның мас күйінде дүкенге кіріп, қарызға бір бөтелке сыра сұрағанын анықтады.
– Сатушы ауыл тұрғынының жағдайын көрген соң қызмет көрсетуден бас тартқан. Ашуланған ер адам дүкен қызметкерін балағаттаған. Көшеге шығып бара жатып, дүкен иесінің Lada Granta көлігіне дәрет сындырған, – дейді Павлодар қалалық жергілікті полиция қызметінің басшысы Қанат Дүйсекенов.
Полицейлер құқық бұзушыны анықтап, уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізді. Сараптама ер адамның орташа деңгейде мас күйінде болғанын көрсетті. Ұсақ бұзақылық фактісі бойынша ер адамға қатысты ҚК 434-бабының екінші бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Материал шешім шығару үшін сотқа жолданды.
Ер адам 5 АЕК көлемінде айыппұл төлейді немесе он тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады.
Биыл ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 201 облыс тұрғыны жазаланған.