Павлодар мен Чехия арасындағы сауда байланысы артып келеді

Төрт ай ішінде шетелдік серіктестермен сауда көлемі он миллион АҚШ долларынан асты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бүгін өңір басшысы Асайын Байханов депутаттар Палатасының вице-спикері Ян Бартошек бастаған Чехия делегациясымен ресми кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар Павлодар облысы мен Чехия арасындағы экономикалық және мәдени ынтымақтастығын талқылады.
Облыс әкімі қонақтарды өңірдің әлеуетімен таныстырып, Павлодар облысы Қазақстанның ірі индустриялық орталықтарының бірі екенін атап өтті. Өңір барлық электр энергиясының 42%, 100% алюминий, 60% көмір, 58% ферроқорытпа және Қазақстанның отын көлемінің үштен бірін өндіреді. Өнеркәсіптен басқа, агроөнеркәсіптік кешен, соның ішінде суармалы егіншілік белсенді дамып келеді, бұл аймақтың маңызды артықшылығы болып табылады.
– Сауда-экономикалық өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударылды. 2025 жылдың 4 айында Павлодар облысының Чехиямен сыртқы сауда көлемі 11 миллион АҚШ долларын құрады, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,8%-ға жоғары. Өсім, оның ішінде жоғары дәлдіктегі өлшеу және бақылау аспаптарының импорты есебінен қамтамасыз етілді, – деді облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Асайын Байханов сонымен қатар қонақтарға өңірдің мәдени-тарихи мұрасы туралы айтып берді. Сапар аясында Чехиядан келген делегация Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы мешітіне барып шықты.
Кездесу қорытындысы бойынша облыс әкімі Чехия делегациясының сапары екіжақты серіктестікке жаңа серпін беретініне сенімді екенін айтып, Павлодар облысы экономикадан бастап мәдениетке дейінгі барлық салада ынтымақтастыққа ашық екенін атап өтті.