Павлодар мен Омбы кәсіпкерлері 50-ден астам іскерлік кездесу өткізді
Тараптар сауда, өндіріс және туризм саласындағы ынтымақтастықты талқылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық кәсіпкерлер палатасы Омбы облысының ресми және іскерлік делегациясының өңірге жасаған сауда-экономикалық миссиясы аясындағы кездесулерді ұйымдастыруға қатысты.
Екі күндік сапар барысында Омбы кәсіпкерлері Павлодардағы «Ертіс» қонақүй кешенінде жергілікті бизнеспен В2В форматында кездесіп, кейін Павлодар және Ақсу қалаларындағы бірқатар өнеркәсіп кәсіпорындарын аралады.
ӨКП директорының міндетін атқарушы Айдос Шайхислам мұндай кездесулер жаңа іскерлік байланыстар орнатуға және бірлескен жобаларды дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
– Өңірлеріміздің кәсіпорындары арасындағы кооперациялық байланыстардың дамуы тауар айналымының артуына, бірлескен жобалардың жүзеге асуына және Қазақстан мен Ресей арасындағы экономикалық байланыстардың нығаюына ықпал етеді деп сенемін. Павлодар облысының Кәсіпкерлер палатасы әрдайым сындарлы ынтымақтастыққа ашық және бизнес бастамаларына қажетті қолдау көрсетуге дайын, – деді Айдос Шайхислам.
Іскерлік алаң аясында Павлодар мен Омбы компаниялары 50-ден астам жеке кездесу өткізді.
Кездесу барысында қазақстандық тарап Омбы өңірінде гастрономиялық және оқиғалық туризмді дамыту бастамасына қызығушылық танытты. Сондай-ақ Омбыда Павлодар облысының туристік әлеуетінің таныстырылымын өткізу жоспарланып отыр.