Павлодар облысы аграрлық салаға тартылған инвестициялар бойынша көш бастап тұр

Павлодар облысы аграрлық салаға тартылған инвестициялар бойынша көш бастап тұр
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Биылғы өнім өткен жылғы өнімнен үш есе көп, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде ұйымдастырылған баспасөз конференциясында облыс әкімі Асайын Байханов мәлім етті. 

Оның айтуынша, соңғы он жыл ішінде аймақ экономикасы құрылымының біртіндеп өзгеруі байқалады. Павлодар облысы өнеркәсіптік шикізаттан, әртараптандыру процестері арқылы қуатты өңдеу саласы және әлеуеті мол ауыл шаруашылық аймаққа айналуда.

– Қазір біздің өңір аграрлық салаға тартылған инвестициялар көлемі бойынша елімізде көш бастап тұр. Қаңтар айынан бастап агробизнеске 190 миллиард теңгеден астам инвестиция салынды, бұл – өткен жылдың көрсеткішінен екі есе жоғары, – деді Асайын Байханов. 

Бұл ретте, 32 инвестициялық жоба іске қосылып, онда 500-ден астам жұмыс орны құрылған. Агроөнеркәсіптік кешен өнімінің өсуі 21 пайызға немесе 372 млрд теңгені құраған. 

– Өңірдің жалпы егіс алқабы 1,6 миллион гектардан асты. Егіннің 100 пайызы жиналды. Өткен маусым қиын, бірақ нәтижелі болды, біздің аймақ үшін рекордтық астық жиналды. Бұл – өткен жылғы өнімнен үш есе көп, – деді облыс әкімі. 

Бұдан бөлек, кешенді мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде суармалы егіс алқаптары 179 мың гектарға жетті. 

Аймақ басшысы агроөнеркәсіптік кешенін қарқынды дамыту және әртараптандыру әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына да жақсы әсер етуде екенін атап өтті. Павлодар облысындағы бағалар азық-түлік тауарларының 16 позициясы бойынша орташа республикалық мәндерден төмен, ал сегіз позиция бойынша өңір ең төмен бағамен ТОП-5 өңірге кіреді.