Павлодарда екі бұрауыштан басталған жиһаз өндірісі дамып келеді

Павлодарда екі бұрауыштан басталған жиһаз өндірісі дамып келеді
Фото: Асқар Ғазизов

Кәсіпкер шағын шеберханадан толыққанды цех құрды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бес жыл бұрын ашылған DESSIN ЖК бүгінде қажетті жабдықтармен қамтылған өндіріс орнына айналды.

Компания жетекшісі Иван Косенконың айтуынша, алғашқы кезеңде шеберхананың техникалық мүмкіндігі шектеулі болған.

– Біз жұмысты шынымен екі бұрауыштан бастадық. Сол кезде бар құралымыз осы ғана еді. Кейін тапсырыс саны артқан сайын қажетті техника мен жабдықтарды біртіндеп сатып ала бастадық, – деді ол.

Оның сөзінше, жиһаз жасауға кіріскен кезде дайын цех та, қомақты қаржы да болмаған. Кәсіп шағын мүмкіндіктерден басталып, біртіндеп кеңейген.

Төрт жыл бұрын кәсіпорын «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында екінші деңгейлі банк арқылы инвестициялық мақсаттарға 1,5 миллион теңге көлемінде қаржыландыру алды. Қарыз бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ 85 пайыз, яғни 1,2 миллион теңге көлемінде кепілдік берді.

Тартылған қаражатқа кәсіпкер жиһаз өндірісіне қажетті станоктар мен жабдықтар сатып алды. Бұл өндірістің мүмкіндігін кеңейтіп, тапсырыстар көлемін арттыруға мүмкіндік берді.

2024 жылы кәсіпкер өндірісті одан әрі дамыту үшін екінші деңгейлі банк арқылы тағы 5 миллион теңге қаржыландыру тартты. Бұл қарыз бойынша да «Даму» қоры 85 пайыз, яғни 4,2 миллион теңге көлемінде кепілдік ұсынды. Қаражат жабдықтарды жаңартуға және өндірістік мүмкіндіктерді кеңейтуге бағытталды.

Алайда жарты жылдан кейін оның мүмкіндігі тапсырыстарды орындауға жеткіліксіз болды. Осыған байланысты Иван Косенко алғашқы қарызын мерзімінен бұрын өтеп, кейін жабдықтарды жаңартуға қайтадан қаржыландыру рәсімдеген.

Қазір цехта корпус жиһазын жасауға арналған бірнеше құрылғы жұмыс істейді. Олардың қатарында сандық бағдарламалық басқару, бұрғылау-тесіп өңдеу, форматтап кесу және вакуумды престеу жабдықтары бар.

Шеберханадағы негізгі құрылғылардың бірі – сандық бағдарламалық басқару станогы. Ол жиһаз бөлшектеріне қажетті технологиялық тесіктерді автоматты түрде өңдейді. Алдымен тиісті мәлімет компьютерге енгізіледі, кейін құрылғы берілген тапсырма бойынша жұмыс істейді.

Кәсіпкердің айтуынша, мұндай технология қайталанатын процестерді азайтып, уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді.

– Автоматтандырудың басты мақсаты – адамды толық алмастыру емес, оның жұмысын жеңілдету. Өндірістің белгілі бір кезеңдерінде қате кетсе, оны қайта жасауға уақыт пен қаржы жұмсалады. Сондықтан мұндай қателерді барынша азайтуға тырысамыз, – деді Иван Косенко.

Қазір компанияда бес адам еңбек етеді. Орташа жалақы көлемі 200 мың теңге шамасында. Заманауи жабдықтардың көмегімен мамандар саны көп болмаса да, ай сайынғы шығарылымды арттыруға мүмкіндік туған.

Кәсіпорын айына шамамен 200 өнім түрлерін дайындайды. Иван Косенконың айтуынша, бұл көрсеткішті одан әрі ұлғайтуға мүмкіндік бар. Алғашқы жылдары кәсіпкер мен оның әріптесі айына ең көп дегенде 10 бұйым жасай алса, бүгінде бұл көрсеткіш бірнеше есеге өскен.

Иван Косенко технологиялық базаны одан әрі жетілдіруді мақсат етуде. Алдағы уақытта жаңа жабдықтар алып, жұмыс процестерін жеделдету және өнім сапасын арттыру көзделген.

Сонымен қатар, тапсырыс саны көбейсе, жаңа қызметкерлерді қабылдау жоспарланып отыр. 

– Қазіргі жүктеме қосымша штат ашуға әзірге мүмкіндік бермейді. Біз әлі де дамуымыз керек. Жаңа жабдықтар алып, цехты жетілдіргіміз келеді. Тапсырыс саны артқан сайын ұжымымызды да кеңейтеміз, – деді кәсіпкер.

Кәсіпкердің айтуынша, бұл істегі негізгі мақсаттардың бірі – шағын мүмкіндіктен бастап, еңбектің арқасында бизнесті біртіндеп кеңейту. Иван Косенко өз тәжірибесі арқылы жастарға кез келген істі міндетті түрде мол қаржымен бастау қажет емес екенін көрсеткісі келеді.