Ертістің жағдайын Қазақстан мен Ресей бір жүйеден бақылай алады

Ертістің жағдайын Қазақстан мен Ресей бір жүйеден бақылай алады
Фото: Валерий Бугаев

Халықаралық форумда трансшекаралық өзеннің тереңдігінен бастап су сапасы мен балық қорына дейінгі мәліметтерді біріктіру ұсынылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Ертіс: достық өзені – даму өзені» II халықаралық форумында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Ертістің бірыңғай цифрлық паспортын жасауды ұсынды. Жоба өзенге қатысты деректерді Қазақстан мен Ресей үшін ортақ ақпараттық жүйеге біріктіруге бағытталған.

Өңір басшысының айтуынша, Ертіс сумен қамту, энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, экология, балық шаруашылығы, туризм және көлікпен тікелей байланысты. Сондықтан өзеннің көлік әлеуетін арттыру су ресурстарын пайдалану және экологиялық қауіпсіздік мәселелерінен бөлек қарастырылмауы керек.

– Бірыңғай цифрлық паспорт – гидрология, тереңдік, су сапасы, жағалау мен түпкі шөгінділердің жағдайы, балық ресурстары, кеме қатынайтын учаскелер, гидротехникалық құрылыстар және антропогендік жүктеменің негізгі көздері туралы мәліметтерді біріктіретін жаңартылатын ақпараттық жүйе, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Ортақ база өзен жағдайының уақыт өте қалай өзгеретінін бақылауға мүмкіндік береді. Ондағы мәліметтер кеме қатынасын жоспарлау, түпті тереңдету, порт инфрақұрылымын дамыту және өзенге қатысты басқа жобаларды әзірлеу кезінде пайдаланылмақ. Жобаны жүзеге асыру үшін Қазақстан мен Ресейдің бейінді мемлекеттік органдары, өңірлері және ғылыми ұйымдары қатысатын бірлескен жұмыс тобын құру ұсынылды.

Форумда цифрлық жүйемен байланысты тағы бір мәселе – Ертістің көлік әлеуетін арттыру сөз болды. Шығыс Қазақстан облысы Зайсан көлінің жағасындағы Тұғыл ауылында өзен портын құру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Қазір жоба пысықтау сатысында. Тұғылда қолданыстағы айлақ, қойма және жүк тиеп-түсіру инфрақұрылымы бар. Порт іске асса, өзен, автомобиль және теміржол көлігін байланыстыратын логистикалық торапқа айналуы мүмкін.

Бұл жүйені ұзындығы 99 шақырым болатын Тұғыл – Майқапшағай теміржол желісі толықтыра алады. ШҚО басшылығы портты, теміржол инфрақұрылымын және кеме қатынасын бір логистикалық жүйенің өзара байланысты бөліктері ретінде қарастырып отыр. Тұғыл бағытының әлеуетті жүк базасына кварц құмы, гранит, қиыршық тас, бентонит және басқа да жүктер кіреді.

– Алдын ала есеп бойынша әлеует бір навигация кезеңінде үш миллион тоннадан асады. Келесі практикалық кезеңде осы жүк базасын серіктестермен бірге нақтылап, жүк жөнелтуші кәсіпорындарды, бағыттарды, болжамды көлемді және ұзақ мерзімді келісімшарттардың мүмкіндігін анықтауға болады, – деді ШҚО әкімі.

Кеме қатынасын дамыту кезінде өзен экожүйесін сақтау мәселесі де ескерілуі тиіс. Нұрымбет Сақтағанов Қазақстан мен Ресей мамандарына Ертістің табиғи тұрғыдан сезімтал учаскелерін бірлесіп зерттеуді ұсынды. Әсіресе балықтардың уылдырық шашатын жерлері мен кеме қатынасы су биоресурстарын сақтаумен түйісетін аумақтарға назар аудару қажет.

Павлодар облысында да Ертістің жағдайын жақсарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Облыс әкімінің орынбасары Әйгерім Қабылтаеваның айтуынша, соңғы он жылда өңірдегі ұсақ өзектердің, ескі арналар мен өзендердің 100 шақырымнан астам бөлігінде түпті тереңдету және тазарту жүргізілген. Бұл жұмыстар су нысандарының ағысын қалпына келтіруге, лайлануды азайтуға және су деңгейі төмен кезеңде тереңдікті арттыруға мүмкіндік береді.

Өзеннің биологиялық ресурстарына да назар аударылып отыр. 2023-2026 жылдары Павлодар облысының су айдындарына 443 мың дана балық өсіру материалын жіберу көзделген. Оның ішінде сібір бекіресін көбейтуге ерекше мән берілген. Ертістің суы жылына екі рет – сәуір және тамыз айларында зерттеледі. Әйгерім Қабылтаеваның айтуынша, талдауды Ядролық физика институты жүргізеді. Зерттеу нәтижесі бойынша химиялық көрсеткіштер белгіленген нормативтерге сәйкес келеді.

– Он жылдан кейін бірлескен жұмысымыздың нәтижесі тасымал көлемі немесе іске асқан инфрақұрылымдық жобалардың санымен ғана емес, Ертісті болашақ ұрпақ үшін қаншалықты сақтай алғанымызбен де бағаланады, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

ШҚО әкімі алдағы жұмысты төрт бағыт бойынша жалғастыруды ұсынды. Олар – цифрлық паспорт бойынша бірлескен жұмыс тобын құру, перспективалы логистикалық бағыттардың жүк базасы мен экономикалық параметрлерін нақтылау, ғылыми зерттеулер мен экологиялық мониторингті кеңейту және осы шараларды нақты мерзімдері мен жауапты қатысушылары көрсетілген бірыңғай жол картасына енгізу.