Павлодар облысы білім сапасы бойынша үздік өңірлердің қатарына енді
Үшінші тоқсан қорытындысы бойынша білім сапасы 72 пайызды құрады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Талдау нәтижесіне сәйкес, ел бойынша білім деңгейі өткен оқу жылымен салыстырғанда айтарлықтай артқан. Жоғары нәтиже көрсеткен өңірлердің қатарында Павлодар облысы да бар.
Өңірде бүгінде 362 мектеп жұмыс істейді. Онда 115 945 оқушы білім алуда. Үшінші тоқсан қорытындысы бойынша білім сапасы 72 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш оқушылардың «4» және «5» бағаларын алған үлесі арқылы анықталды.
Биыл облыста 11-сыныпты бес мыңнан астам түлек аяқтайды. Оның ішінде екі мыңнан астам оқушы қазақ тілінде, 2 622 оқушы орыс тілінде білім алуда.
Сонымен қатар 304 түлек «Алтын белгіге» үміткер. Тағы үш жүзден астам оқушы үздік аттестат алуға ниетті.
Ал тоғызыншы сыныпта 10 569 оқушы білім алады. Олардың 623-і негізгі орта білім туралы қызыл аттестатқа үміткер.
Мамандардың айтуынша, өңірдің жоғары көрсеткіші білім беру жүйесінде жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың нәтижесі.