Павлодарда жастар арасында үздік антикоррупциялық материалдар байқауы жарияланды

Жүлде қоры – 500 мың теңге, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде 18 бен 35 жас аралығындағы журналистер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған үздік материалдар байқауы өтеді. Жобаны «Асыл заман» қоғамдық қоры облыстық Ақпарат және қоғамдық даму басқармасының тапсырысы бойынша ұйымдастырып отыр.
– Байқаудың басты мақсаты – қоғамда жемқорлыққа қарсы төзбеушілік мәдениетін қалыптастырып, халықты әділеттілік пен адалдыққа ынталандыру. Сонымен қатар, жастардың бойында адамгершілік, құқықтық сана мен азаматтық белсенділік қағидаттарын нығайту көзделген, – дейді ұйымдастырушылар.
Байқауға Павлодар облысында тіркелген мерзімді баспасөз, радио, теледидар және интернет-басылымдарда жұмыс істейтін немесе фрилансер ретінде танылған журналистер қатыса алады. Қатысушылар ұсынған жұмыстар 2025 жылдың 1 қаңтарынан 27 маусымына дейін жарияланған немесе эфирге шыққан болуы тиіс.
Қабылданатын жұмыстардың қатарына журналистік мақала, телехабар немесе радиохабар, сюжет, сұхбат (мақала түрінде), бейнеролик жатады.
– Жүлде қоры – 500 000 теңге. Әр номинация бойынша жеңімпаздарға 100 000 теңгеден беріледі. Материалдар қазақ немесе орыс тілінде, тек авторлық болуы шарт. Жұмыстардың электрондық және қағаз нұсқасы, сондай-ақ жеке куәліктің көшірмесі қоса тапсырылады, – делінген хабарламада.
Өтінімдер 2025 жылғы 20 мен 27 маусым аралығында қабылданады. Қатысу үшін материалмен бірге жеке куәліктің көшірмесін, толық аты-жөніңізді, байланыс нөміріңізді және номинация атауын көрсету қажет. Ғылыми мақалалар, тренингтер мен конференция материалдары қабылданбайды.
Материалдарды келесі электрондық поштаға жолдауға болады: asyl.zaman@mail.ru.
Байланыс нөмірі: +7 (747) 897-09-12.
Хаттың тақырыбы: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы үздік журналистік жұмыстар байқауы.