Павлодар облысы ЭКСЖ жобасын іске асыру бойынша көшбасшылар қатарына енді

Павлодар облысы ЭКСЖ жобасын іске асыру бойынша көшбасшылар қатарына енді
Фото: ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі

Қанат Бозымбаев Павлодарда «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының Жобалық кеңсесінің көшпелі отырысын өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Отырыс барысында қатысушылар өңірлердің алдағы жылыту маусымына дайындығын, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жобаларының іске асырылу барысын, жергілікті атқарушы органдардың жобаға қатысу белсенділігінің рейтингін және бұрын берілген тапсырмалардың орындалуын талқылады.

Сондай-ақ Ұлттық ЭКСЖ жобасын іске асыру қарқыны, конкурстық рәсімдердің өтуі, жобаларды қаржыландыру мәселелері және жөндеу науқанына дайындық деңгейі қаралды.

Биыл еліміздің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына шамамен 1,3 триллион теңге инвестиция тартылған. Оның 767 миллиард теңгесі ЭКСЖ ұлттық жобасы аясында бағытталды. Соның нәтижесінде жалпы құны 164,8 миллиард теңгені құрайтын 37 пилоттық жобаны іске асыру басталды.

Қазіргі уақытта жалпы сомасы 459 миллиард теңгені құрайтын 242 жоба конкурстық рәсімдер кезеңінде тұр. Оның ішінде 175 нысан бойынша мердігер ұйымдар анықталған. Қаржыландыру халықаралық қаржы ұйымдарының, екінші деңгейлі банктердің, «Бәйтерек» холдингінің құралдары, сондай-ақ сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау сияқты мемлекеттік қолдау шаралары есебінен жүзеге асырылуда.

Жиында өңірлердің Ұлттық жобаны іске асыруға қатысу деңгейіне де ерекше назар аударылды. Мониторинг нәтижесі бойынша бірқатар өңірлерде конкурстық рәсімдер мен келісімшарттар жасасу жұмыстары баяу жүргізілуде. Ең төмен көрсеткіштер Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Түркістан және Ұлытау облыстарында тіркелген.

Қанат Бозымбаев барлық қажетті қаржыландыру тетіктері мен мемлекеттік қолдау шаралары қабылданғанын атап өтіп, өңірлер үшін негізгі міндет құрылыс-монтаж жұмыстарына уақытылы кірісу және жобаларды сапалы іске асыру екенін айтты.

Сонымен қатар Павлодар облысы ұлттық жобаны іске асырудағы ең белсенді өңірлердің бірі ретінде аталды. Өңірде соңғы 30 жылда алғаш рет инженерлік инфрақұрылымның тозу деңгейінің өсуі тоқтатылды.

2025–2027 жылдарға арналған кезеңде облыста жалпы құны 131,6 миллиард теңгені құрайтын 55 жобаны іске асыру жоспарланған. Қазіргі уақытта ұзындығы 92,4 шақырым болатын жылу және электрмен жабдықтау желілеріне қатысты 16 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Іске асырылып жатқан жобалардың жалпы құны – 21,7 миллиард теңге.

Бұдан бөлек, Павлодар облысы 2027 жылға арналған өтінімдер базасын қалыптастыру бойынша республикада екінші орынға шықты. Өңір ұсынған базаға жалпы құны 109,9 миллиард теңгені құрайтын 39 жоба енгізілген. Сонымен қатар жүзеге асырылып жатқан жобалардағы қазақстандық қамту үлесі 100 пайызды құрайды.

– Ұлттық жобаны іске асыру үшін мемлекет барлық қажетті шешімдер мен қаржыландыру тетіктерін қабылдады. Бүгінгі таңда өңірлердің басты міндеті – жұмысты тиімді үйлестіру, конкурстық рәсімдерді уақытылы өткізу және құрылыс-монтаж жұмыстарына дер кезінде кірісу. Павлодар облысының тәжірибесі көрсеткендей, тиісті деңгейдегі жауапкершілік пен белсенділік болған жағдайда инфрақұрылым саласында қордаланған мәселелерді жүйелі түрде және белгіленген мерзімде шешуге болады, – деді Қанат Бозымбаев.

Отырыста Ұлттық жоба аясында қазақстандық қамту үлесін арттыру және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарына отандық өндірушілерді кеңінен тарту мәселелері де қаралды.

Жиын қорытындысы бойынша Қанат Бозымбаев өңірлерге жобаларды іске асырудағы артта қалушылықтарды қысқа мерзімде жоюды және барлық конкурстық рәсімдерді аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ МЭКС ұлттық жобасына қазақстандық тауар өндірушілерді тарту бойынша нақты міндеттер қойылды.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне бірінші шілдеге дейін отандық тауар өндірушілер тізілімін жаңарту жұмыстарын аяқтап, Электрондық платформаның толыққанды жұмысына кедергі келтіріп отырған кемшіліктерді жою тапсырылды.

Сонымен қатар Электрондық платформадан тыс және Ұлттық жобада белгіленген тетіктерді айналып өтіп тауар сатып алуға жол берілмейтіні ерекше атап өтілді. Жауапты мемлекеттік органдарға келесі Жобалық кеңсе отырысына дейін барлық тапсырмалардың орындалуын қамтамасыз ету жүктелді. Орындалмаған әрбір тапсырма бойынша мемлекеттік органдар мен жобаға қатысушылардың жұмысына жеке баға берілетін болады.

Еске сала кетейік, Қанат Бозымбаев Павлодар облысына жұмыс сапары барысында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының іске асырылу барысымен танысты.