Павлодар облысы көктемгі егіс науқанына толық дайын

Павлодар облысы көктемгі егіс науқанына толық дайын
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Биыл өңірде ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс көлемі 1 703,2 мың гектарды құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 43,2 мың гектарға артық, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Павлодар облысында 2026 жылғы көктемгі дала жұмыстарына дайындық жүйелі түрде жүргізілуде. Егіс алқаптарының ұлғаюы негізінен дәнді, майлы және малазықтық дақылдар көлемінің артуымен байланысты. Биыл дәнді дақылдар 849,1 мың гектарға, майлы дақылдар 549,7 мың гектарға, малазықтық дақылдар 264,4 мың гектарға егіледі. Сонымен қатар картоп 30,7 мың гектарды, көкөніс пен бақша дақылдары 9,3 мың гектарды қамтиды.

Өңірде егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары да жалғасуда. Осыған байланысты бидай егісі 9,5 мың гектарға қысқарып, 605,3 мың гектарға дейін азайды. Есесіне майлы дақылдар көлемі 31 мың гектарға ұлғайып, 549,7 мың гектарға жетті. Оның ішінде күнбағыс – 497,4 мың гектар, зығыр – 38,5 мың гектар, рапс – 4,7 мың гектар, қыша – 5,1 мың гектар, соя – 4 мың гектар алқапқа егіледі.

Биыл қарақұмық егісі де кеңейтіліп, жалпы көлемі 60,9 мың гектарға жетпек. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7 мың гектарға көп.

2026 жылғы өнімге қажетті 171,1 мың тонна тұқым толық дайындалған. Оның ішінде 107,5 мың тоннасы дәнді дақылдарға, 1,8 мың тоннасы майлы дақылдарға, 0,9 мың тоннасы мал азығына және 60,9 мың тоннасы картопқа арналған. Тұқымның 36,1 мың тоннасы зертханалық тексеруден өткен.

Минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету де жалғасуда. Биыл облысқа 159 мың тонна тыңайтқыш жеткізу жоспарланған. Қазіргі уақытта 23 354 тонна тыңайтқыш сатып алынды.

Көктемгі егіс жұмыстарына өңірдің техника паркі де толық дайын. Дала жұмыстарына 3403 трактор, 1835 соқа, 1076 топырақты өңдеуге арналған техника, 4671 тырма, 3812 сепкіш және 266 тұқым себу кешені жұмылдырылады. Мамандар бұл техникалардың көктемгі науқанды толық өткізуге жеткілікті екенін айтады.

Облыс аудандарының топырақ ерекшеліктеріне қарай биыл майлы және дәнді дақылдарды егу мерзімі 5 мамыр мен 3 маусым аралығына белгіленді.