Павлодарлықтар Бурабайға пойызбен тура жете алады
Пойыз жаздың соңына дейін аптасына екі рет жүреді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Қазақстан темір жолы «ҰК» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, «Жолаушылар тасымалы» АҚ биыл 28 маусымынан бастап жолаушыларға ыңғайлы болу үшін жазғы кезеңге «Павлодар – Астана» жүрдек электр пойызының бағытын Шипажай-Бурабай станциясында аялдамамен Көкшетауға дейін ұзартады.
Электр пойызы Павлодардан сағат 10:57-де, Астанадан сағат 18:30-да жөнелтіледі. Пойыз Бурабайға сағат 21:20-да және Көкшетауға сағат 22:31-де келеді. Кері рейс Көкшетаудан сағат 11:50-де шығады. Ал кейін Бурабайдан сағат 12:55-те, Астанадан сағат 16:45-те жөнелтіледі. Пойыз Павлодарға сағат 23:31-де келеді.
Жаздың соңына дейін аптасына екі рет жүреді: жұма және жексенбі күндері.
Павлодардан Бурабайға дейінгі жол жүру құны: бірінші санаттағы вагондарда – 8 012 теңге, екінші санаттағы – 7 480 теңге және үшінші санаттағы вагондарда – 6 184 теңге.
Комиссиясыз билеттерді https://bilet.railways.kz сайтынан немесе теміржол вокзалдарындағы билет кассаларынан сатып алуға болады.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы «Бурабай» курортының аумағында жаңа туристік аймақтарды дамытуды тапсырған болатын.