Павлодар облысы туберкулезбен күресте әлемдік үрдістерден қалыс қалмайды

Павлодар облысы туберкулезбен күресте әлемдік үрдістерден қалыс қалмайды
Фото: Константин Шелков

Өңірде жаңа дәрі-дәрмектерді қолдану аясы кеңейіп, диагностика әдістері жетілдірілуде. Сонымен қатар науқастармен жұмысқа қоғамдық ұйымдар да тартылып жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарда «Қазақстанда туберкулезді тоқтатайық» ұлттық әріптестігін дамытуға және аурумен күресте азаматтық қоғамның рөлін арттыруға арналған адвокациялық кеңес өтті.

Жиынға өңірдің медицина қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) өкілдері және ЖИТС, туберкулез және безгекпен күрес жөніндегі жаһандық қор өкілдері қатысты. Қатысушылар эпидемиологиялық жағдайды, ауруды анықтау мен емдеудің заманауи әдістерін, сондай-ақ науқастар кездесетін қиындықтарды талқылады.

Медицина ғылымдарының докторы, профессор, Жаһандық қор жобасын іске асыру тобының менеджері Шахимұрат Исмаилов 1998 жылы құрылған Stop TB Partnership халықаралық қозғалысы туралы айтып берді. Қазір бұл әріптестікке 160-тан астам мемлекет пен мыңнан астам ұйым және өкілдік кіреді. Қозғалыс туберкулезбен күреске қаражат тартуға және осы бағыттағы жұмыстарды үйлестіруге көмектеседі.

Қазақстанда «Қазақстанда туберкулезді тоқтатайық» ұлттық әріптестігі 2017 жылдан бері жұмыс істейді.

– Елімізде әлі де туберкулезбен ауыратын тоғыз мыңға жуық науқас бар. Мақсатқа жақындаған сайын алға жылжу қиындай түседі. Көптеген әлеуметтік мәселе шешілді немесе шешіліп жатыр, бірақ әлі де түйіні тарқамаған мәселелер бар. Туберкулез осындай қиындықтармен қатар жүреді. Сондықтан бүгін біз алдағы уақытта не істеу керегін талқылап, азаматтық қоғамды аурумен күреске қалай белсендірек тартуға болатынын ойластыру үшін жиналдық, – деді Шахимұрат Исмаилов.

Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының туберкулез індетін 2030 жылға дейін қоғамдық денсаулық сақтау мәселесі ретінде жою жөніндегі декларациясына қол қойған.

Профессордың айтуынша, соңғы онжылдықтарда елде туберкулезден болатын өлім-жітім айтарлықтай азайған. 1998 жылы бұл аурудан жыл сайын шамамен алты мың адам көз жұмса, қазір көрсеткіш 165 адамға дейін төмендеген.

Облыстық фтизиопульмонология орталығының бас дәрігері Дәулетбек Мусин өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға тоқталды. Биыл тоғыз айда туберкулездің 51 жағдайы тіркелген. Былтыр осы кезеңде 53 жағдай анықталған. Өлім-жітім көрсеткіші 0,3 болды. Биыл екі адам қайтыс болса, былтыр осы кезеңде бес жағдай тіркелген.

Дәулетбек Мусиннің айтуынша, науқастардың басым бөлігі амбулаториялық жағдайда емделеді. Мұндай тәсіл оларға қоғамнан оқшауланбай, дәрігерлердің ұсынымдарын сақтай отырып, күнделікті өмірін жалғастыруға мүмкіндік береді.

– Қазір науқастардың 75,9 пайызы амбулаториялық жағдайда ем қабылдайды. Бұл адамның қоғамнан бөлінбей, қалыпты өмір сүруі үшін маңызды. Туберкулез – үкім емес, оны емдеуге болады. Бірақ бір науқас 15 адамға дейін жұқтыруы мүмкін екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан науқаспен байланыста болған адамдарды тексеріп, қажет болған жағдайда оларға профилактикалық ем тағайындау қажет. Бізде мұндай еммен қамту деңгейі жеткілікті жоғары. Алайда емді өз бетінше тоқтатып кететін науқастар мәселесі бар. Биыл мұндай 11 жағдай тіркелді. Олардың жартысын мәжбүрлі емдеуге жіберу жоспарланып отыр. Біз оларды тауып, қайтадан емге тартамыз. Туберкулез – жұқпалы ауру. Сондықтан дер кезінде анықтау және дәрігер тағайындаған емді сақтау өте маңызды, – деді дәрігер.

Емді тоқтатып кеткен 11 науқастың барлығын «Ты не один» үкіметтік емес ұйымының көмегімен тапқан. Еріктілер ем қабылдауды доғарған адамдармен байланыс орнатуға және оларды қайтадан мамандардың бақылауына алуға көмектеседі.

Жаһандық қор өкілі павлодарлық дәрігерлерден науқастарды мәжбүрлі емдеу тәжірибесі туралы сұрады. Бұл тәсіл халықаралық сарапшылардың да қызығушылығын тудырып отыр.

Дәулетбек Мусиннің айтуынша, бұрын өңірде мәжбүрлі емдеуге арналған 24 төсектік бөлімше болған. Уақыт өте мұндай емге мұқтаж науқастардың саны азайған. Қазір олар үшін жеке корпус бөлінген. Онда ерлер мен әйелдер бөлек орналастырылады, тұруы мен тамақтануына жеке жағдай жасалған, қауіпсіздік шаралары да қарастырылған.

 «Ты не один» қоғамдық қорының үйлестірушісі Александр Пак туберкулезбен ауыратын адамдарға көмек көрсету және қоғамдағы стигмамен күрес тәжірибесімен бөлісті. Қор бұл бағытта 2017 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

Оның айтуынша, халықтың негізгі топтары арасында аурудың таралуы тек медициналық мәселелерге байланысты емес. Әлеуметтік қиындықтар да үлкен рөл атқарады. Кейбір адамдардың баспанасы мен құжаттары жоқ, емханаға тіркелмеген немесе қоғамның теріс көзқарасынан қорқып, дәрігерге барудан қашқақтайды.

– Адамның негізгі қажеттіліктері өтелмесе, оған өз денсаулығына көңіл бөліп, ем қабылдау қиын. Мұндай науқастардың қанша екенін және оларға қандай көмек қажет екенін түсінуіміз керек. Негізгі мәселелердің бірі – қоғамдағы стигма. Кейбір адамдардың құжаттары, баспанасы жоқ немесе емханаға тіркелмеген. Олар денсаулық сақтау жүйесімен байланыс орнатпағандықтан, медициналық көмекке де жиі жүгіне бермейді. Емханаға барып, туберкулезге күдік бар екенін білгенімен, толық тексеруден өтпей, жұмысын жалғастыра беретін жағдайлар аз емес. Мұндай адам айналасындағыларға да қауіп төндіруі мүмкін, – деп түсіндірді Александр Пак.

Ол медициналық сақтандыруы болмаса да, адамның емхана деңгейінде медициналық көмек алуға құқығы бар екенін атап өтті. Ең бастысы, медицина қызметкерлері мұндай науқасты қабылдап, қажетті тексерулерден өткізіп, емді бастауға көмектесуі керек.

Қор еріктілері жұмыс істеген уақыт ішінде халықтың негізгі топтарындағы 30 мыңнан астам адамға ақпарат берген. Александр Пактың түсіндіруінше, бұл статистикаға әр жылдары бір адамдардың бірнеше рет енуі мүмкін.

– Бұл көрсеткішті қайталанбайтын адамдардың нақты саны деп қабылдамау керек. Негізгі топтардың өкілдері ақпарат пен көмекті бірнеше рет алуы мүмкін, өйткені біз шамамен бір адамдар тобымен жұмыс істейміз. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 15 айда 4 451 адамға ақпарат бердік. Жалпы, 32 мыңнан астам адам туберкулез туралы мәлімет алды, – деді қор үйлестірушісі.

Сонымен қатар еріктілер ауруға күдік бар адамдарды облыстық фтизиопульмонология орталығына ертіп барады. Александр Пактың мәліметінше, осындай көмекті 4 780 адам алған. Жаһандық қор жобасы аясында халықтың негізгі топтары арасында туберкулездің белсенді түрімен ауыратын 265 адам анықталған. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша тағы сегіз жағдай тіркелген. Бұдан бөлек, Жаһандық қор жобасы аясында науқастармен байланыста болған 551 адам, ал мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша сегіз адам тексеруден өткен.

Шахимұрат Исмаилов туберкулезбен күресті қаржыландыру мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, Жаһандық қор Қазақстандағы осы бағыттағы ұйымдар мен жобаларды дамытуға шамамен 2,5 миллион доллар бөлген. Бұл қаражатқа молекулалық диагностика енгізіліп, заманауи дәрі-дәрмектер жеткізілген және медицина қызметкерлеріне арналған оқыту шаралары өткізілген.

Профессор ауруды ерте анықтау мен уақытылы емдеудің науқастар үшін ғана емес, мемлекет үшін де тиімді екенін түсіндірді.

Туберкулезбен ауыратын бір науқасты емдеуге мемлекет шамамен 10 мың доллар жұмсайды. Бұл сомаға ауруды анықтау, диагностика, емдеу, мамандардың жалақысы және науқасты сүйемелдеу шығындары кіреді. Мұның барлығы науқасқа тегін көрсетіледі. Молекулалық диагностика әдісімен жасалатын бір талдаудың халықаралық бағасы шамамен 100 еуро болуы мүмкін. Павлодар облысында мұндай зерттеулер мемлекеттік бюджет есебінен жүргізіледі.

Дәрі-дәрмектің құны да жоғары болуы мүмкін. Бір науқастың емдеу курсы кемінде бес мың доллар тұрады. Ал ұзақ мерзімді емдеу кезінде шығын 25 мың долларға дейін жетуі ықтимал. Сондықтан ауруды ерте анықтау және емді дұрыс ұйымдастыру шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.

– Халықаралық есептеулер бойынша, туберкулезбен күреске жұмсалған әрбір доллар тиімді пайдаланылса, өңірдің немесе елдің экономикасына шамамен 50 доллар пайда әкеледі. Бұл – уақытылы диагностика мен профилактиканың маңызын көрсететін, бұрыннан есептеліп, дәлелденген көрсеткіш, – деп түсіндірді Шахимұрат Исмаилов.

Жаһандық қор Павлодар облысына GeneXpert аппаратының сегіз данасын жеткізген. Құрылғылар қалалар мен аудандарға бөлінген. Әсіресе шекара маңындағы аумақтарға басымдық берілген. Бұл аппараттар арқылы туберкулезді екі сағат ішінде анықтауға болады.

Қазақстанның негізгі міндеттерінің бірі – заманауи технологиялардың қолжетімділігін арттырып, емдеу сапасын жақсарту. Ел 2030 жылға дейін туберкулез індетін қоғамдық денсаулық сақтау мәселесі ретінде жоюды көздейді. Маңызды мақсаттардың бірі – аурудан болатын өлім-жітімді нөлге дейін төмендету.

Шахимұрат Исмаилов бұл мақсатқа жету үшін медициналық ұйымдардың, алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету қызметінің және қоғамдық бірлестіктердің күш біріктіруі қажет екенін атап өтті.

Дәрігердің айтуынша, туберкулезді жою жолындағы негізгі мәселелер әлі де өзекті. Денсаулық сақтау жүйесінің барлық буыны бірлесіп жұмыс істеп, алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдары серіктестермен байланысын нығайтуы керек.

– Бірінші бағыт – молекулалық диагностика. Бұл әдіс ауру қоздырғышын ДНҚ деңгейінде анықтауға мүмкіндік береді. Елімізде осындай 149 аппарат орнатылған. Бірақ мамандар оларды дұрыс пайдалануы маңызды. тЕкінші бағыт – жаңа дәрі-дәрмектер. Павлодар облысы бұл жағынан алдыңғы қатардағы өңірлердің бірі. Науқастардың 60 пайызы жаңа препараттарға көшкен. Енді қалған 40 пайызын да осы емге ауыстыру қажет. Сонымен қатар өңірде емнің тиімділігі жоғары деңгейде – 100 пайызға жуық, – деді профессор.

Үшінші бағыт – профилактиканың жаңа әдістері. Павлодарда ересектерді алдын алудың жаңа тәсілдерімен қамту 100 пайызға жеткен. Дегенмен заманауи технологияларды енгізумен ғана шектелмей, олардың нәтижесін бақылап, халықтың әртүрлі топтарымен жұмыс істеу және науқастардың емді үзбеуіне көмектесу маңызды.

Туберкулезбен күрес заманауи дәрі-дәрмектер мен диагностика әдістерін ғана емес, медицина қызметкерлерінің, қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттің бірлескен жұмысын да талап етеді. Өйткені ауру әлеуметтік мәселелермен, қоғамдағы стигмамен және медициналық көмектің қолжетімділігімен тығыз байланысты. Күш біріктіргенде ғана тұрақты нәтижеге қол жеткізіп, 2030 жылға дейінгі мақсатқа жақындай аламыз.