Павлодарлық дәрігер көктемде авитаминозбен күресудің жолдарын айтты

Павлодарлық дәрігер көктемде авитаминозбен күресудің жолдарын айтты
Фото: pexels.com

@Pavlodarnews.kz тілшісі ағзадағы дәрумен жетіспеушілігі не себептен пайда болатынын білуге тырысып көрді. 

«Almaz Medical Group» емханасының жалпы практика дәрігері Дидар Валиханова авитаминоз шынымен адамдарда кездесетінін мәлім етті. 

– Қыс бітіп, көктем басталғанда авитаминоз болады. Бұл ағзадағы дәрумендердің аз сіңуіне және жетіспеушілігіне байланысты пайда болуы мүмкін. Яғни, авитаминоз – миф емес, маусымдық адамның жағдайы, – деді дәрігер. 

Оның сөзінше, қыс мезгілінде жеміс-жидек пен көкөністердің, күннің көзінің жоқ болуынан ағзадағы дәруменнің жетіспеушігі кездеседі. 

– Авитаминоз басталғанда адам шаршау, әлсіздік белгілері, терінің құрғақтығы проблемасы, шаштың, тырнақтың сынғыштығы, инфекцияларға сезімталдықтың жоғарылауы байқалады. Сондай-ақ, жиі ауыра бастайды.  Ашуланшақтық, күйзеліс шығады. Тіпті, көру қабілетінің бұзылуы көз ауруына әкеледі, – деді ол. 

Аталмыш аурулардың алдын алу үшін ең бастысы дұрыс тамақтану керек. 

– Тамақтану рационына көкөністер, жемістер, жаңғақтар, шөптер, толық ақуыздар, витаминдік кешендерді қабылдауды енгізу ұсынылады.  Витаминдік кешендерді тамақпен толықтыру мүмкін болмаса, физикалық белсенділікті арттыруға болады. Таза ауада көбірек серуендеу, кем дегенде, сіз жасай алатын жеңіл физикалық белсенділік иммунитетті жақсарту үшін пайдалы. Ішекті қадағалап, мезгіл-мезгіл пробиотиктерді ішу керек, – деді Дидар Валиханова.

Дәрігердің сөзінше, ағзада витамин тапшылығы болған кезде күйзеліске деген төзімділік төмендейді. Осы уақытта бос калорияларды шамадан тыс тұтынуды азайту маңызды. Ол үшін тәтті және майлы тағамдардан бас тартуға кеңес беріледі. Шамадан тыс күйзелістік жағдайлардан аулақ болуға тырысып, зиянды сусындарды, соның ішінде алкогольдік ішімдікті тұтынбау қажет. 

А, С, Д ,Е, В дәрумендері – авитаминозбен күресуге көмекші бола алады. 

– Бұл қандай да бір препараттар, биологиялық қоспалар болуы міндетті емес.  Мысалы, А дәруменін сәбіз бауыр, шпинат, өрікте бар, В дәрумені балық, ет, жұмыртқа, дәнді дақылдар жаңғақтарда кездеседі, С дәрумені цитрустік жемістерде, атап айтқанда, апельсин, мандарин және тағы басқаларында бар,  Д дәрумені балық, жұмыртқа, саңырауқұлақтар, сүт өнімдерінен алынады, Е дәрумені өсімдік майлары, жаңғақтар, тұқымдар, авокадомен толықтыруға болады, – деп атап өтті дәрігер. 

Дидар Валиханованың пайымдауынша, Қазақстанда, әсіресе Павлодар облысында Д дәрумені – ең маңызды дәрумендердің бірі. 

– Бізде басқа елдерге қарағанда күннің сәулесі аз түседі. Мысалы, Түркия елінің халқы күннің жарығы жеткілікті нормада алады, ал Қазақстан күннен алыс орналасады. Сол себепті халқымызда йодтың тапшылығы, күннің жетіспеушілігі байқалады. Оны йодталған қоспалармен толтыруға болады. Жалпы ай сайын ішіп тұрсақ, денсаулығымызға еш зияны болмас, тіпті жақсы тұстары бар деп те айта аламын, – деді ол.

Әрине, йодты күнде іше беруге болмайды. Оны дозаланған мөлшерде және профилактикалық тұрғыдан ішуге кеңес береді.