Павлодар облысындағы екі шекаралық өткізу пункті жаңғыртылып жатыр
Асайын Байханов шекаралық өткізу пункттеріндегі құрылыс барысын тексерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, елдің транзиттік әлеуетін арттыру және халықаралық сауда байланыстарын кеңейту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында өңірде Қазақстан мен Ресей шекарасындағы автокөлік өткізу пункттерін жаңғырту жұмыстары жалғасуда.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Успен және Шарбақты аудандарына барып, «Қосақ» және «Шарбақты» өткізу пункттерін қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен танысып қайтты.
Шекара маңындағы инфрақұрылымды дамыту өңір үшін стратегиялық маңызға ие. Павлодар облысы көлік және сауда бағыттарының тоғысқан тұсында орналасқан. Сондықтан өткізу пункттерін жаңарту олардың өткізу қабілетін арттыруға, жүк және жолаушылар көлігінің қозғалысын жеделдетуге, өзара сауданың өсуіне және көршілес өңірлермен экономикалық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді.

Сапар аясындағы алғашқы нысан Ресей Федерациясының Новосібір облысымен шекарада орналасқан Успен ауданындағы «Қосақ» автокөлік өткізу пункті болды. Жобаны «Integra Construction KZ» ЖШС жүзеге асыруда. Жобаны аяқтау 2026 жылғы желтоқсанға жоспарланған.
Бүгінде нысанның құрылыс жұмыстары 84%-ға аяқталды. Құрылыс алаңында 196 маман мен 40 арнайы техника жұмылдырылған. Қазіргі уақытта негізгі әкімшілік және қосалқы ғимараттарда жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, инженерлік коммуникациялар мен технологиялық жабдықтарды монтаждау, үй-жайлардың ішкі әрлеу жұмыстары, әкімшілік ғимарат пен гараждың шатырын жабу, сондай-ақ асфальтбетон жабынын төсеу жұмыстары атқарылуда.

Келесі нысан Ресей Федерациясының Алтай өлкесімен шекарада орналасқан Шарбақты ауданындағы «Шарбақты» өткізу пункті болды. Жобаны «ВД Строй-инжиниринг» ЖШС жүзеге асыруда. Құрылыс жұмыстарын 2027 жылдың желтоқсанында аяқтау көзделген.
Нысанда құрылыс жұмыстары басталған. Қазіргі уақытта 47 адам мен 10 арнайы техника жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда негізгі құрылыс алаңдарында іргетастарды, темірбетон құрылымдарын, едендер мен қабырғаларды бетондау, тіреу қабырғаларын орнату, арматура және анкерлік негіздерді бекіту жұмыстары аяқталды. Инертті материалдарды дайындау жұмыстары жалғасуда.

Жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде екі өткізу пунктінің де өткізу қабілеті кемінде екі есеге артады. Қазіргі уақытта олар арқылы тәулігіне 500-ге дейін көлік құралы мен 1 000 адам өте алса, қайта жаңғырту аяқталғаннан кейін бұл көрсеткіш тәулігіне кемінде 1 000 көлік құралы мен 3 000 адамды құрайтын болады. Инфрақұрылымды жаңарту заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуді, сондай-ақ көлік құралдарын, тауарларды, жүк пен жеке тұлғаларды бақылау рәсімдерін жетілдіруді де көздейді.
Нысандарды аралау қорытындысы бойынша Асайын Байханов құрылыс жұмыстарының барысын, бекітілген кестелердің сақталуын және пайдаланылатын материалдардың сапасын қатаң бақылауға алуды тапсырды. Сонымен қатар, жұмыс қарқынының төмендеуіне және белгіленген мерзімдердің кейінге шегерілуіне жол бермеу қажеттігін атап өтті.

Салалық басқармаларға тапсырыс берушімен және мердігер ұйымдармен бірлесіп, жобалардың іске асырылу барысын тұрақты бақылауда ұстау, туындаған мәселелерге жедел ден қою және құрылысқа қатысушылардың барлығының жұмысын үйлестіру тапсырылды.
- Шекаралық өткізу пункттерін жаңғырту - бұл жай ғана құрылыс жобалары емес, өңір мен тұтастай еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың маңызды бөлігі. Барлық жұмыстың сапалы орындалуын және белгіленген мерзімдердің қатаң сақталуын қамтамасыз ету қажет. Жасалып жатқан инфрақұрылым заманауи талаптарға сай болып, шекараның өткізу қабілетін нақты арттыруы тиіс, - деп атап өтті Асайын Байханов.

2030 жылға дейін шекаралық өткізу пункттерін жаңғырту жөніндегі республикалық Жол картасына Павлодар облысындағы 5 автокөлік өткізу пункті енгізілген. Олар: «Қосақ», «Үрлітөбе», «Шарбақты», «Амангелді» және «Найза».
Бұл нысандарды кезең-кезеңімен жаңғырту - елдің транзиттік-логистикалық әлеуетін дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Мұнда инфрақұрылымды жаңартумен қатар, оның тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету, бақылау рәсімдерінен өту уақытын қысқарту және жүк ағынын одан әрі арттыруға жағдай жасау маңызды. Бұл, әсіресе, Мемлекет басшысы Қазақстанды Еуразиядағы негізгі көлік-логистикалық тораптардың біріне айналдыру жөнінде қойған міндеттер тұрғысынан өзекті.