Павлодар облысында іздеуде жүрген алимент борышкерлерінің бесеуі анықталды

Павлодар облысында іздеуде жүрген алимент борышкерлерінің бесеуі анықталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде алимент төлеуден жалтарып жүрген борышкерлерді іздестіру жұмыстары күшейтілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыста қадағалау қызметі аясында іздеуде жүрген борышкерлердің жүрген жерін анықтау үшін ведомствоаралық жұмыс топтары құрылды.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде анықталған бес борышкердің төртеуі әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Ал бір борышкер алимент бойынша берешегін толық өтеген.

– Бүгінгі таңда республикалық «ТОП-100 іздестіріліп жатқан борышкерлер» тізіміндегі алты борышкердің бесеуінің орналасқан жері анықталды. Олардың төртеуі әкімшілік жауаптылыққа тартылса, біреуі алимент бойынша берешегін толық көлемде өтеді, – деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.

Мәселен, 2023 жылғы желтоқсанда борышкерлердің біріне қатысты тоғыз миллион теңге көлемінде алимент өндіру туралы атқарушылық іс жүргізу қозғалған. Сот орындаушылары мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қабылдағанымен, борышкердің жүрген жерін анықтай алмаған. Осыған байланысты ол биылғы қаңтарда іздеуге жарияланған.

Облыстық прокуратура мен сот орындаушыларының бірлескен жұмысының нәтижесінде борышкер табылып, оның тоғыз миллион теңге көлеміндегі алимент берешегі толық өндірілді.

Ведомство мәліметінше, алимент өндіру бойынша жүргізілген жұмыстар нәтижесінде бірқатар борышкерлер әкімшілік және қылмыстық жауаптылыққа тартылған. Қазіргі уақытта борышкерлердің орналасқан жерін анықтау және алимент өндіріп алу жұмыстары жалғасуда.