Павлодар облысында Қазпошта басшысының орынбасары сотталды
Павлодар қаласының № 2 соты ҚК 366-бабының 2-бөлігі бойынша айтарлықтай мөлшерде ақша түріндегі пара алу фактісі бойынша қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Іс материалы бойынша, биыл қаңтар айында «Қазпошта» АҚ Павлодар облыстық филиалы директорының өндіріс жөніндегі орынбасары заңсыз баю мақсатында мердігерлік ұйымның өкіліне «Қазпошта» АҚ ПОФ автомобиль көлігі басқармасының аумағындағы автомобиль көлігі боксының шатырын жөндеу бойынша атқарылған жұмыстарды кедергісіз қабылдауы үшін оған заңсыз ақшалай сыйақы беруді ұсынған. Ал кейін 2 млн теңге көлемінде пара алу кезінде ұсталған.
– Прокурор Ж-ға 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды, қорғаушы жеңілдететін мән-жайларды ескеруді сұрады. Сотталушы өз кінәсін мойындамай, ақтауды сұрады. Қылмыс үшін заң айыппұл немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның баламалы түрлерін қарастырады, – деді № 2 соттың баспасөз қызметінде.
Сот жазаны ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын және жеңілдететін мән-жайларды – жас балалардың болуын, үшінші топтағы мүгедектігін, алғаш рет қылмыстық құқық бұзушылық жасағанын ескере отырып, қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде үш жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сондай-ақ өмір бойына мемлекеттік қызметте, судья, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында және т.б. лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.