Павлодар облысында ауыл тұрғындары үшін су жеткізу тарифі төмендетілді

Бір текше метр бағасы 30% төменге арзандатылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстың табиғат қорғау прокуратурасы су заңнамасының сақталуын талдады.
Қазақстан Республикасының Су кодексі ауыл тұрғындары үшін судың құнын төмендетуге бағытталған субсидиялау механизмін қарастырады. Алайда, облыстың бірқатар ауылдық елді мекендерінде мәслихаттың шешімімен тек топтық су жеткізу жүйелерінен алынатын ауызсудың құны бекітілген. Сонымен қатар, жергілікті жүйелерден (бір елді мекеннің су құбыры) су жеткізу құны белгіленбеген.
– Бұл су жеткізуші кәсіпорындардың субсидия алуына кедергі жасады, себебі субсидиялардың мөлшері мәслихатпен бекітілген текше метрге су құнына негізделеді, – дейді облыстық прокуратурада.
Табиғат қорғау прокурорының наразылығымен маслихаттың тек топтық жүйелерден алынатын ауызсудың құнын реттейтін шешімі жойылып, барлық су жеткізу көздерін қарастыратын жаңа нормативтік құқықтық акт қабылданды.
Енді мәслихаттың жаңа шешімі бойынша 1 текше метр пайдаланылатын су үшін 185 теңге көлемінде ақы белгіленді, бұл бұрынғы тарифтерден орташа 30% төмен.
Қабылданған бақылау шараларының нәтижесінде облыс бойынша 45 мың тұтынушы үшін су жеткізу тарифі төмендетілді.